Эльбрус шыңын бағындырды

Тобыл кентінің тумалары – Артем мен Александр Кулик Ресей және Еуропаның ең биік нүктесі саналатын Эльбрус шыңын бағындырды. Ағайындылар бұл жетістіктерін ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнады.
Құрамында алты адам бар командаға 5621 метрлік шыңға сегіз күнде – 11-18 шілде аралығында жеткен. Артем Куликтің айтуынша, Эльбрус стратовулканына өрмелеу идеясы өткен жылы басына келген, бірақ мұны мерекелік жылы жүзеге асыруды жоспарға алыпты.  
Альпинистер еуропаның ең биік нүстесін бағындыру үшін анағұрлым қиын саналатын таудың шығыс жақ соқпағын таңдаған. Биікке өрелеу кезінде ең қиынға соққаны оттегінің жетіспеуі болыпты. Әйткенмен жігіттердің физикалық тұрғыдағы мығым дайындығы мен ерік-жігер, энтузиазм мұндай кедергілерді артта қалдыруға ықпал еткен.   
5 мың метрден аса бере команданы тау басындағы жайсыз ауа райы – қар, бұршақ, аяз бен боран қыспаққа алады. Артта – 5 шақырым, алда – оңай бағынбас белес, арқада – 40 келілік рюкзак. Алайда қалайда аялдап қалмауға бекінген альпинистер түнгі сағат екі кезінде гидті алға салып, жоғары өрлей түсті… Ағайынды жерлестеріміз алты сағаттан соң діттеген нүктеге жетіп, шың басында Қазақстан байрағын желбіретті.
"Сол кездегі толқынысты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өмірдегі кішігірім мақсатымыз орындалды. Температураның төмендеуі, қиындыққа толы маршрут – мұның бәрі төңірегіңе мақтана қарап, көкірегіңді қуаныш кернейтіндей керемет эмоцияға бөленуге татиды", – дейді қоян-қолтық ұрыс және жауынгерлік самбодан спорт шебері Артем Кулик.
Айта кетейік, ағайынды Александр мен Артем үшін мұндай тәуекелдерге бел буу – үйреншікті жағдай. Мәселен, өткен жылы олар ҰОС 76 жылдығы қарсаңында ультрамарафонға қатысып, 76 шақырымды жүгіріп өткен болатын, ал одан бірнеше жыл бұрын бұлар веломарафонда 600 шақырымды бағындырған еді.
"Шыңды бағындыру ісіндегі ең басты талап – әуелі өз-өзіңді бағындыру. Өйткені бұған физикалық жақсы дайындық қана емес, тегеурінді мінез қажет. Яғни шыңға өрлеу қиындығына, аштыққа, салқынға, ұйқысыздыққа – барлығына темірдей төзім, шыдам, сабыр керек", – дейді Артем.
Ағайындылардың ендігі мақсаты – әлемнің ең биік нүктесі – Эверест шыңын бағындыру. Талапты, ержүрек жігіттердің қолынан бұл да келеді деп сенеміз!

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓