Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында…
Бүгін Федоров ауданында Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бірқатар мерекелік іс-шаралар өтті.Солардың алғашқысы – егемендіктің ширек ғасыры қарсаңында аудан тұрғындары ауыз суға қол жеткізді. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2013-2016 жылдар аралағында «Федоров ауданындағы су құбырын қайта жөндеу» инвестициялық жоспары іске қосылған болатын. Межеленген мерзім жетіп, Федоров және Жаркөл ауылдарына таза су беріліп отыр.-Бұл – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында аудан тұрғындарына берілген үлкен сый. Федоровтықтар бұл сәтті көп күтті. Су құбырын жаңарту үшін бас-аяғы 1 млрд 639 млн 415 мың теңге жұмсалды. Жөндеу жұмыстары барысында су алу және су құбыры, екінші көтерілімнің су сору станциясы мен ұзындығы 93 шақырым болатын су тарату құбырлары салынды. Тұрғындарды тіршілік нәрімен үнемі қамтамасыз ету үшін жаңа электр желілері орнатылған. Бүгінгі таңда 2 300 абонент қосулы,-дейді Ғауез Нұрмұхамбетов.Бұдан соң атқа мінерлер аудандық кітапхананың ашылу салтанатына қатысты. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» өңірлерді дамыту бағдарламасымен аудан орталығындағы ескі ғимаратты қалыпқа келтіру үшін жөндеу жұмыстары басталған болатын. Мақсат – жаңа кітапхана ашу. Берілген тапсырма ойдағыдай аяқталып, федоровтықтарға Тәуелсіздік тойы қарсаңында тағы да бір тарту болып отыр. Бұл үшін жергілікті бюджеттен 52 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Ғимараттың өңі кіріп, жылу жүйесі іске қосылды. Терезелері мен едендері ауыстырылды. Мекеме мінсіз кейіпке енгесін, мұнда 55 мың кітабы бар, аудандық бай кітапхана қоныстанды. Айта кетейік, дәл бүгінге дейін Федоров кітапханасының өз ғимараты болмай, түрлі орындарды жалға алып келген еді.
Кейін Ғауез Нұрмұхамбетов пен Федоров ауданының әкімі Тәуба Исабаев аудан мақтанышы, ҰОС-ның ардагері Нина Любач әжейге Елбасы Н.Назарбаевтың ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлеріне берген құттықтау қағазы мен сый-сияпатын ұсынды. 94 жасқа келген кейуана көрсетілген құрметке қуанып, бір марқайып қалды. Зұлмат жылдардағы естеліктерді айта келе, ел тұтқасын ұстаған азаматтарға ақжарма тілегін айтты.
Мерекелік іс-шаралар тізбегі орталықтағы алаңда түйінделді. Мұнда «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 игі іс» акциясы аясында жерігілікті кәсіпкерлер ұйымдастырған қайырымдылық шарасы өтті. Олар аудандағы тұрмысы нашар отбасыларға азық-түлік, азын-аулақ мал ұстайтын кісілерге жем-шөп, отын-су үлестірді.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор.