Одақ мүшелігіне қабылданды
Жуырда Алматы қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Текті сөздің төресі-терме» атты республикалық жыршы-термешілер байқауы өткен болатын. Байқауға облыс атынан Меңдіқара аудандық «Юбилейный» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, термеші Мұрат Нағашыбай қатысты.
Барлық қатысушыларға ортақ шарт бойынша берілген тақырыптардың бірін таңдай отырып, сол тақырып аясында термені шеберлікпен орындай білген жерлесіміз қазылар алқасының оң бағасына ие болды.
Жыр бәйгесінің қорытындысы бойынша Мұрат Нағашыбай республикалық жыршы-термешілер байқауына белсене ат салысып, өз өнерін халық алдында паш еткені үшін арнайы дипломмен марапатталып, ақшалай сыйлыққа кенелді.
Орайы келгенде айта кету керек, меңдіқаралық термеші айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық Одағына мүшелікке қабылданды. Одақ мүшелігін айғақтайтын куәлікті белгілі ақын, айтыс өнерінің жанашыры, аталмыш одақтың төрағасы Жүрсін Ерман табыс етті.
Өнер жолында аянбай тер төгіп, халқының алғыс-батасын алып жүрген Мұрат Нағашыбайды біз де бүгінгі Тәуелсіздіктің мерейлі мерекесі қарсаңындағы еңбегінің жемісімен құттықтаймыз!
Қымбат Абухарис,
Меңдіқара ауданы