Сарыарқаға сән берген. Өнер сапарының бескүндігі аяқталды.
"ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрме аясындағы Қостанай облысының мәдени күндері қорытындыланды. 5-9 тамыз аралығында аймақ мерекесінде филармония және театр әртістерінен бөлек, суретшілер, мүсіншілер, қолөнер шеберлері өз туындыларын ұсынды. Спорттық жарыстар мен өңірдің ауылшаруашылық тауарларын өнді-рушілердің жәрмеңкесі де жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
"Этноауылда" өткен "Шырқар әнім, туған өлкем – Қостанай" атты концертте Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония әртістері аянып қалмады. Ал айтыс ақындарының арыны мен дарыны "Қазанат" атшабарында өткен шарада көрінді. Байбатыр Ахметбеков пен Тоба Өтепбаевтың шымшыма әзілдері мен ұтқыр ұйқастарынан соң жиылған жұрт қошеметтерін аяған жоқ.
Осы күні Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының Ыбырай Алтынсаринге арналған "Дала шамшырағы" спектаклі қойылды.
М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Ахмет Байтұрсынұлы мен оның зайыбы Бәдрисафаға арналған "Ақ келіннің махаббаты мен өлімі" қойылымы астаналықтардың көңілінен шықты деуге негіз бар.
Аты аталған спектакль туралы пікірлер әлеуметтік желілерде тарап жатты. Туындының авторы, журналист Қабылахат Сейдахметтің айтуынша, көнекөз қарттардан естіген тарихи деректерді арқау ете жазылған "Ақ келін" атты драма бірінші рет 2013 жылы сахнаға шығарылған. Айтпақшы, Ахаң мен Бәдрисафаға арналған қойылым Қостанай облыстық "Меценаттар клубының" арнайы жүлдесіне де ие болды.
– Бұл сахналық қойылымның орыс тілді көрермен жүрегінен берік орын алуына Горький атындағы орыс драма театрының бас режиссері А.Лиопа мен журналист Л.Фефелева біраз еңбек сіңірді. Бұл драма Қостанай облысының Елордамыздағы күндері аясында бірнеше рет қойылды. "Ақ келіннің махаббаты мен өлімі" биыл да астаналық көрермендермен қайта қауышты.Туындымның талғамы терең көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленіп, арнайы сыйлықтарға ие болуын Ахаң рухына еліміз көрсеткен құрметтің белгісі деп түсінемін, – дейді Қабылахат Сейдахмет.
Мұнан соң қаланың орталық алаңында "Славянская песня" орыс халық аспаптар оркестрі мен ансамблінің "Музыка – душа народа" бағдарламасы тамашаланды. Ал сегізінші тамызда дәл осы сахнаға "Костанайские зори" би ансамблі шықты. Қызықты кешті олардың "Сиқырлы би әлемі" хореографиялық шоуы жалғады.
Қостанай облысының мәдени күндері Big-band пен "Нью-бойс" тобының бағдарламасымен аяқталды.
Қасқырбай
ҚОЙШЫМАНОВ