Алғашқы іс-шара

Қостанайда қала күнін мерекелеу барысында алғаш рет «Kostanay Book Fair» кітап жәрмеңкесі өтті. Мұндай жаңашыл шара облыстық мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастырып отыр.  ҚР мемлекеттік кітап палатасының (Алматы қ.), «Фолиант» (Нұр-Сұлтан қ.), «Атамұра» (Алматы қ.), «Qasym» баспа үйі – кітаптар» (Қарағанды қ.), «Қарлығаш» (Қостанай қ.) кітап баспаларының қатысуымен өткен ауқымды шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері арнайы шақырылыпты. Шаһардың дәл орталығында киіз үйлер тігіліп, оның іші-сырты рухани азық – кітапқа толы.
– Қазақ және орыс тілдерінде шығарылған алуан түрлі тақырыптағы ең үздік әдеби басылымдар ұсынылып отыр және оларды қолжетімді бағамен сатып алуға болады.
Кітап жәрмеңкесі Қостанай және облыстың белгілі ақын-жазушыларымен, әдебиет және қоғам қайраткерлерімен болатын әңгіме-сұқбаттарға ұласуда. Мұнда кітаптардың тұсаукесерлері, викториналар, көрмелер, түрлі зияткерлік ойындар, музыкалық нөмірлер, театрлық қойылымдар әзірленген. Кітап жәрмеңкесі кез келген жастағы көрермен үшін қызықты, ал кітап сүйер қауым өзінің жүрегіне жақын шығармаларын таңдап алуда, – деді  Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың директоры Дариха Дүйсебаева.
Биыл екі бірдей көрнекті жерлесіміздің: мемлекет қайраткері, ғалым, ағартушы, ақын Ахмет Байтұрсынұлы мен журналист, жазушы, ақын Мұхамеджан Сералиннің туғанына 150 жыл толуы еліміз үшін елеулі оқиға. Сондай-ақ халық жазушысы Сырбай Мәуленовтің туғанына да 100 жыл толып отыр. Жиналған жұртшылық облыстық кітапхана ұсынған «Кітап және қаламгер» атты кеңейтілген кітап көрмесінен жергілікті авторлардың өмірбаянымен және шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алды. «Ұлт ұстазы» деп аталатын тағы бір көрме Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған.
Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Болатұлы Қалмақов, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай филиалының төрағасы, журналист және жазушы Жанұзақ Аязбеков, елордадан келген «Фолиант» баспасы директорының орынбасары Гүлнар Саржанова, «Qasym» баспа үйінің басшысы Аида Қасымбекова,  ақын, журналист, түрлі әдеби сыйлықтардың лауреаты Абылай Мауданов сөз алып, шараның маңыздылығына тоқталды.
Соңынан киіз үйде баспа өкілдерімен кездесу өтті.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓