Қызбел
Қызгерге мініп алып жағалап қыр,
Далаңды кетсем бе екен аралап бір?!
Ғафудай шалқи алмай шабыт шіркін,
Дариға, жүрегімді жаралап тұр…
Сайыңда саяласам бақ қой маған,
Көз тігіп, келбетіңе қатты ойланам.
Қойса да қандай қазақ, қазақ екен,
Қызбел деп саған бекер ат қоймаған.
Қысастық, қиянатқа бағынбаған,
Қылышы қынға бекіп салынбаған
Торғайдың кеудесіне басын қойып,
Жантайып Қызбел сұлу дамылдаған.
Қызбелдің төсін иіскеп таң самалы,
Сұлулық сипатына тамсанады
Құттыбай бұлағында хор қыздары,
Сиқырлы сырлы әуенмен ән салады.
Толқындар ойнатқанда қоңырауын,
Тербейді жағалауды қоңырау үн.
Қарт ана Қоңыраулы еміреніп,
Емізген елге тосып омырауын.
Жатқаны-ай есіл-дүние сыр ақтарып,
Ғашықтай айрылысқан жылап қалып,
Солығын солқ-солқ етіп әрең басқан
Кеңжайық Сарықопаға құлап барып.
Тулатып толқындарын талай биік
Тасиды-ау Қоңыраулы талай құйып
Тамшыдай ғұмыр берген әттең дүние
Мен сені кетеді екем қалай қиып..?
Тау анау батыс жаққа басын беріп
Сұлудай кербезденген қасын керіп
Зыр қағып тоқсан бұлақ жеңгесіндей,
Сұлудың бәйек болған асын беріп.
Құлдилап құлындайын Қыземшектен
Аңызың Абат жайлы бізге жеткен
Алысып айдаhармен мерт болыпты
Жаужүрек жігіт екен ел күзеткен
Сол жолы жұқтыра алмай қылышқа қан,
Есіл ер мерт болыпты ту ұстаған.
Ақ отау үңгірі әлі ысқырады
Айдаhар үні ме екен тыныстаған..?
Данышпан Асан Қайғы ел данасы
Асанның Абат батыр бел баласы
Абыздың атын алған осы тұста
Қайғы деп аталатын кең даласы.
Тарихтай кешегілер тасқа басқан,
Ақ отау аңызы осы аспан асқан.
Аңыз боп айтылғанмен, бұл да шындық
Халықтан әулие жоқ расқа қосқан…
* * *
Құлпырған жүзі жайнап жер бетінің,
Көктемі мың тоғыз жүз жиырма екінің
Сағада Садуақас мектеп ашып,
Біліммен түгендепті ел кем-кетігін.
Қараша, желтоқсан кеп қарауытқан,
Аспаннан алай-дүлей қар ағытқан
Суыққа сыр білдірмей сұңғыла ұстаз,
Қараша киіз үйде бала оқытқан.
Ұлы істің жүдеу-жадау күйін көрген,
Омары Төртуылдың үйін берген.
Жиырма шәкірт алғаш дәріс алып,
Жап-жарық жаңа өмірге бейімделген.
Тигенде қырық бірде елге дұшпан,
Аққудай қанат қағып көлден ұшқан
Аттанған талай ерлер айдалада,
Адаспас ажал оғын ерте құшқан.
Келер деп бала күткен,ана сенген
Қаншама айырылды Алаш ерден..?
Сұрапыл,сұрқы жаман сол соғыста,
Қайтейін мен ғана емес бабасы өлген.
Аударып арғы-бергі ақ қараны,
Тарих шал шежіресін ақтарады
Жазылады түбінде, жазылмаса
Ақиқаттың әйтеуір ақ парағы…
Оқысын, білсін ұрпақ бағаласын
Өткенге көз жүгіртіп сараласын.
Бүгінгінің қадірін білмей тұрып,
Ертеңгіге қызығып қарамасын!
Жол сызып келешекке кескіндеген,
Бабалар мұрасы осы ескірмеген.
Бұл жерде кешегінің іздері мен,
Сыры көп бүгінгіге естілмеген.
Құшағы ерке мінез ерте көктем
Көңілдің күйін әсем шертеді еппен.
Жалғанда жалғыз қалсам жанымды ұғып,
Анамдай еміреніп еркелеткен.
Кетіп ем құлаш ұрып сағымға сан
Кеше гөр,кешіре гөр сағынбасам
Киелі құшағыңа келіп тұрмын,
Арман жоқ енді өзіңде дамылдасам…
Данияр Садуақасов.
Арқалық қаласы.