“Тіл – татулық тірегі”
Бүгін Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өзге ұлт өкілдері арасында "Тіл – татулық тірегі" атты мемлекеттік тіл байқауы өтті. Облыстық деңгейдегі дәстүрлі шараны Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған.
Байқауға 18-30 жас аралығындағы жастар, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер және этномәдени ұйымдардың жас өкілдері қатысты. Үздіктен үміткерлер саны 11 адамды құрады. Әрқайсысы мейлінше даярлықпен келген. Біліктіліктері мен өнерлерін қазылар алқасы алдында паш етті. Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы айналымда әр қатысушы өздерін әуелі қазақ тілінде, кейін өзінің ұлттық тілінде таныстыруы керек. Бұл сында ешбірі сүрінген жоқ. Екінші кезеңде білім деңгейлері бақыланды. Нақтысында, олар қазақ тілі мен әдебиетінен келген сұрақтарға мүдірмей жауап беруі шарт, сондай-ақ мақал-мәтелдің жасырын бөлігін табулары қажет. Жалпылай алғанда, бұл бөлім де күтілген дәрежеде өтті. Соңғы айналымда олар өз өнерлерін ортаға салды. Бірі мемлекеттік тілде әуелетіп ән салса, бірі Абайдың, Мұқағалидың, тіпті өздерінің шығарып әкелген өлеңдерін екпіндете оқып берді. Тігіншілік қырын танытып, мың бұрала билегендер де көрерменнің қошеметіне бөленіп жатты.
Жеңімпаз айқындалар кез келді. Жанкүйерлер тақымдарын қыса түсті. Марапаттау салтанатын жүргізуге ортаға Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов шақырылды. Ол осынау дәстүрлі шараның жылдан-жылға дамып, сапаның арта түскенін, қатысушылардың қатары көбейіп, құрамы өзгергені соның бір мысалы екенін тілге тиек етті. Сонымен, 1-орынды Қостанайдағы №2 емхананың дәрігері, неміс ұлтының өкілі Кристина Линк жеңіп алды. 2-орынға Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының туризм бөлімі маманы Дарья Лукьянова лайықты деп танылды. "Асаба" қырғыз қауымдастығының жас өкілі Бегай Азизбекқызына үшінші орын бұйырды. Жеңімпаздар мадақтама қағазымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.