Қазақтың жаны – домбыра 

домбыраҰлттық домбыра күніне орай Қостанайдағы қалалық кітапханада белгілі ақын, қолөнер шебері Серікбай Оспанов және суретші-мүсінші Мұхаметқали Рахалиевпен кездесу өтті. 
Басқосуда домбыраның шығу тарихы туралы небір аңыз-әңгімелер айтылды. Кездесудің құрметті меймандары оқырмандарға ұлттық аспаптың құрылысын, жасалу жолдарын түсіндірді. 
-Домбыраның бес мың жылдық тарихы бар деп жүр, кейбіреулер. Оның тарихы тіпті одан әріде болуы мүмкін. Өйткені, Алтайдан, бір үңгірден көне домбыра табылды. Біз қолданып жүрген домбыралардың кішкентай ойығы бетінде орналасқан, әлгі үңгірден табылған домбырада ойық артында екен. Соған қарағанда, домбыраның тарихы әріде болуы бек мүмкін. Қазақ деген атты алмай тұрған кезінде домбыра қолданыста болуы ғажап емес. Менің әке-бабам, арғы аталарымның бәрі ағаш шебері, ақындар. Домбыраның қалай жасалатынын бала кезімнен көріп өстім. Домбыра жасау ағаш шеберлерінің бәрінің дерлік қолынан келеді. Мен бұрын домбыраны ойып жасайтынын. Кейін Алматыдағы Омар деген жігіттен құрап жасауды үйрендім,-деді Серікбай Оспанов.
Танымал ақын оқырмандармен кездесуге өзі жасаған екі домбыраны ала келіпті. Оның бірі ел арасында Жамбыл домбыра деп аталып кеткен, күй тартуға арналған домбыра, екіншісі Абай домбыра. Ақын ағамыздың айтуынша, кез келген домбыраның қауышағы жеті немесе тоғыз қырлы болып келеді екен. Оның мәнісі аталған екі санның қасиетіне негізделсе керек. 
Суретші-мүсінші Мұхаметқали Рахалиев домбыраның сыртқы пішінін аққуға ұқсататынын айтты. Домбыраның құрылысына қарап отырсаңыз, көкке қарап ұшып бара жатқан аққудың бейнесін көз алдыңызға әкеледі. Домбыраның тиегінен кейінгі қос ішекті тартсаңыз, аққудың үні естілетіні де, қызық. 
Бұл күндері домбыраны өзге ұлт өкілдері де жасайды деседі. Ұлттық аспапта шебер ойнайтын шетелдіктер де кездеседі екен. Ал домбыраның шығу тарихы туралы аңыз-әңгімелердің ұшын таба алмайсыз. Домбыра туралы баллада, домбыра туралы ән мен жыр, аңыздар қаншама. Соның бірінде ағаштан-ағашқа секіріп жүрген тиынның қарны жарылып, шегі екі ағаштың арасына жабысып қалатыны айтылған. Әлгі шек желмен дыңғылдап, дыбыс шығарып тұрады. Содан домбыра аспабы пайда болған-мыс. Енді біреулер домбыраны алғаш жасаған Әл-Фараби деседі. Аңыз өз алдына, ақиқаты домбыра – қазақтың жаны, мұңдасы, сырласы.
 
Қымбат ДОСЖАНОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓