Қашар кентіне табиғи газ берілді
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында Қашар кентінің тұрғындары қуанышқа кенелді. «ҚазТрансГаз» ұлттық операторы АҚ-ның «Қостанай облысындағы елді мекендерді газдандыру және газ тарату желілерін жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында оларға көгілдір отын берілді. «ҚазТрансГаз» компаниясы мен Қостанай облысы әкімдігі арасындағы меморандум бойынша алдағы уақытта басқа да елді мекендерді газдандыру мәселесі қолға алынатын болады. Әл-әзір Қашарда ірі панельді 56 үй және 20-дан астам жеке тұрғын үй көгілдір отынға көшуге дайын. Құрылыс барысында бір автоматтандырылған газ тарату станциясы мен екі бірдей газды қадағалу пункті және 30 шақырымнан астам газ құбыры жүргізілген. Жалпы, кентте 12 мың тұрғын бар.
Бұл салтанатты жиынға Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетов пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Ғалым Айдосов қатысты. Қашардағы құтты қадаммен алғаш болып өңір басшысы А.Мұхамбетов құттықтады.-Бұл жобаның облыс үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Табиғи газға тұрғындармен бірге бірқатар әлеуметтік және өндіріс ошақтары қол жеткізіп отыр. Газдандыру мәселесі Қашар ауылының келешегіне оң септігін тигізетініне сенімдімін. Бұның бәрі өскелең ұрпақ үшін. Кенттің келешегі – жастар. Осы үшін «ҚазТрансГаз» компаниясына алғысымды білдіргім келеді. Алдағы екі жыл ішінде облыс бойынша 600 шақырым, яғни жаңадан 8 газ тарату пункті ашылады. Ол Әулиекөл ауданының орталығы мен Аманқарағай ауылы, Қашар кенті және Рудный қаласы. Сонадай-ақ, Қарабалық ауданына қарасты Тоғызақ және Антонов ауылы, Денисов ауданындағы Алчанов ауылы және Лисаков қаласындағы Октябрь ауылы мен Федоров елді мекеніне көгілдір отын тартылады. Осылайша, табиғи газды пайдалану көрсеткіші облыс бойынша 10 пайызға көтеріледі. Құрметті Қашар кентінің тұрғындары! Сіздерді осындай ерекше күнмен құттықтаймын! Еліміздің Тәуелсіздігі мәңгі болсын,-деді облыс әкімі.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.