Шахматтан облыстық турнир басталды
Бүгін А.Г. Уфимцев атындағы шахмат клубында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен Қостанай облысының 80 жылдығына арналған жылдам шахматтан XXV облыстық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Қостанайлықтардың дені спорттың бұл түріне әуес екенін осы біріншіліктен байқауға болады. Мұнда бақтарын сынауға келген ниеттілер жетерлік. Олардың арасында жас балалар мен үлкен кісілер де бар. Жарыстың ашылу рәсіміне Қостанай облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Матвиенко қатысып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс швецариялық жүйе бойынша 11 кезеңнен тұрады. Ойын 3 минуттан, әр жүріске 2 секундтан қосылып отырады. Айта кетейік, бұл біріншілікке тек кем дегенде II дәрежелі спорттық атағы барлар ғана қатыса алады.
Жалпы жүлде қоры – 500 мың теңге. Жарыс облыс басшылығының қаржыландыруымен ұйымдастырылып отыр. Біріншіліктің жеңімпаздары сағат бүгін 14:30 белгілі болады. Марапаттау рәсіміне облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.