1-желтоқсанда туған сәбиіне Нұрсұлтан деп ат қойды
Қостанай облысында Тұңғыш Президент күнінде дүниеге келген алғашқы ұл балаға ата-анасы Нұрсұлтан деп ат қойды. Бұл туралы Қостанай облыстық ауруханасы бас дәрігерінің қоғаммен байланыс бойынша орынбасары Ксения Жилкибаева мәлімдеді. Жаңа туған Нұрсұлтанның анасы Жазира Ізбасарова – 25 жаста. Жас сәби Наурызым ауданы, Қарамеңді ауылындағы отбасының бесінші баласы. Бүлдіршін 1 желтоқсан күні түс мезгілінде туған. Оның салмағы – 3,7 келі, бойы – 54 см. Мақсұтхан мен Жазира Ізбасаровтар да көп балалы отбасында тәрбиеленген. Олар жанұяда балалардың көп болғаны дұрыс деп есептейді.
«Балалар – бұл өмірдің мәні, қуанышы мен жұбанышы» – деп санайды Жазира. Ол балаға алдын ала есім дайындамаған. Оның ұл немесе қыз болатынын да білмеген. Бесінші немересінің дүниеге келгенін естіген атасы Нұрсұлтан болсын деп шешіпті.
Қазақпарат