Дүлдүлдердің дүбірлі додасы

Қостанай төрінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай өткен "Тәуелсіздік, елімнің тұмарысың!" атты республикалық ақындар айтысы мәреге жетті."Nur Otan" партиясының қолдауымен, облыстық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен 29-30 қазан күндері өткен айтыс Тобыл төсін дүбірге бөледі. 14 жүйрік көмбе басынан бірінші көріну үшін барын салды. Тұтас елге танымал ақындар көрермен тосқан келелі сөз, кестелі ой айта алды. Алғашқы күні жеті жұп айтысты. Сұрыптаудан өткен сүлейлер бүгін таңғы сағат 10.00-ден бастап ақтық айналымда бақ сынасты. Атап айтқанда, Салтанат Өтелбаева, Нұрмат Мансұров, Шұғайып Сезімхан, Мейірбек Сұлтанхан, Батырлан Сағынтаев, Рүстем Қайыртай өнер көрсетті. Қазылар шешімімен 3-орынға Салтанат Өтелбаева мен Нұрмат Мансұров (500 мың теңгеден) ие болды. 2-орын Батырлан Сағынтаев пен Мейірбек Сұлтанханға (1 млн теңгеден) бұйырды. 1-орынды Рүстем Қайыртайұлы (2 млн теңге) жеңіп алды. Ал айтыстың бас жүлдесін Шұғайып Сезімхан еншіледі. Жеңімпазға жергілікті зауытта құрастырылған Chevrolet Nexia көлігін тақымға басты. Темір тұлпар кілтін Қостанай облысы әкімнің орынбасары Арман Әбенов табыс етті. Қалған ақындар да жүлдесіз қалған жоқ, оларға Тобыл өңірінің Тәтіқара жырау, Ы.Алтынсарин, М.Дулатов, М.Сералин, Е.Өмірзақов секілді даңқты перзенттері атындағы облыс әкімдігінің арнаулы сыйлықтары берілді (200 мың теңгеден). Сондай-ақ, елордадағы Ы.Алтынсарин атындағы білім академиясының атынан келген тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес тамаша өнер көрсеткен қызылордалық ақын Қалижан Білдәшевке 300 мың теңге көлемінде арнайы сыйлық табыстады.Айта кетейік, айтысты ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді. Ақындарға Әсия Беркенова, Серікбай Оспан, Ақылбек Шаяхмет, Алмас Алматов, Бауыржан Халиолла сынды танымал тұлғалар қазылық жасады.
Толығырақ газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
 
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓