Тақырып – Тәуелсіздік
Қостанай облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы мен Тілдерді дамыту басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-мен бірлесіп, жыл сайынғы «Мың бала» республикалық мәдени-ағарту жобасы шеңберінде мемлекеттік тілде жалпықазақстандық диктант өткізді. Ашық диктант ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналды.
Онлайн және оффлайн режимінде өткен ашық диктантқа облыс көлемінде 1000-ға жуық адам қатысты. Биылғы тақырып "Тәуелсіздік – басты құндылығымыз!" деп аталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шараны өткізудегі басты мақсат – мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде қолдану аясын кеңейту, қатысушыларға қазақ тілін меңгеру және сауатты жазу деңгейін тексеруге мүмкіндік беру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту.
Ашық диктантқа облыстың кез келген ниет білдірген тұрғынына қатысуға мүмкіндік берілді. Жалпыхалықтық іс-шараға әртүрлі этнос өкілдері, бюджет саласының қызметкерлері және студенттер қатысып, кирилл қарпінде сауаттылықтарын сынақтан өткізді. Дәрісшілер ретінде оқытушылар таңдалып, олар онлайн және оффлайн режимінде ортақ тақырыптағы шығарманы ұқыппен оқыды. Санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталғанын айта кету керек.