Ардагер прокурор
Прокуратура – қай заманда да, қай қоғамда да халық сенім артатын құзыретті орган. Қазақы тілмен айтсақ, қара қылды қақ жаратын әділеттіліктің таразысы. Сондықтан, прокурорларға елдің ықыласы әрқашан да түзу болған. Тіпті, патша шенеуніктерінің шектен шыққан әрекеті халықты әбден ашындырған ХІХ ғасырдың өзінде, қазақ композиторларының сүйгеніне арнаған ынтызар әндерінде «айбатпен сотқа кірген прокурордай» деп сүйсінген теңеудің кездесуі, бұл сөзімізді дәлелдей түседі. Айтса айтқандай, заңның бұзылмауын қатаң қадағалап, қарапайым тұрғындардың мүддесін қорғап, туралығымен, адамгершілігімен құрметке бөленген прокуратура қызметкерлері көптеп саналады. Солардың бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Байғазы Таспаев.
Байғазы Таспаев – 1914 жылы, Қостанай облысы, қазіргі Ұзынкөл ауданында өмірге келген. Ол империялық билік шатқаяқтап, алпауыт елдер арасындағы арпалыстың салдары бейбіт халықтың да берекесін кетірген заман екені тарихтан мәлім. Бала Байғазының көзін ашқанда көргені ақ пен қызылдың арпалысынан қалжыраған, «өз малын өзімдікі» дей алмаған, бірде аш, бірде тоқ, жоқ-жадау жұртшылық еді. Көкірегі зерек жеткіншек, көз алдында болып жатқан келеңсіздіктің түп-тамыры сауатсыздықта, адамдардың өз құқығын жете білмеуінде екенін ерте түсінеді. Сол үшін де жастайынан оқуға, білімге құмар болып ержетті. Арманы ат жалын тартып мінсе ел қызметіне араласып, заң саласында жұмыс істеп, көпшілікке шапағатын тигізу еді. Өз-өзін тәрбиелеп, екі тілді еркін меңгеріп, бой-басын күтіп ұстаған, тепсе темір үзетін білімді бозбала бұл мақсатына жетті. Алайда, қызметке араласып, абыройға кенеле бастаған шағында тағдырына Ұлы Отан Соғысы келіп килікті.
Фашисттік Германия әскерлері Кеңестер еліне тұтқиылдан тап берген кезде, ұзынкөлдік ұлан Отан күзетінде жүрген жауынгер болатын. Украинадан бастап, Мәскеу түбіне дейінгі ең ауыр ұрыстарға қатысты. 1942 жылы Кеңестер Одағының астанасы түбінде Байғазы Таспаев ауыр жараланды. Әрең деп ажал тырнағынан аман қалып, госпитальда жатып өз-өзіне келген ол, әскери борышын әрі қарай өтеуге денсаулығының жарамауына байланысты елге қайтарылады. Келе салысымен колхоз жұмысына белсене араласты.
Сауатты, кеудесі майданда алған медальдарға толы, соғысқа дейін күш құрылымдарында қызмет атқарған маманды прокуратура қайтадан жұмысқа шақырды. «Арту-арту қар жауса, атан сүйрер дөңбекті, ел шетіне жау келсе, билер көрер бейнетті» деген қазақ даналығы. Қаншалықты ауыр, бейнетті сала екенін түсінгенмен, табиғатынан қоғам жүгінен қашып көрмеген Байғазы атамыз өтініштен бас тартпады. Алдымен аудандық прокуратураға көмекші болып кірді. Іскер, өз ісіне тиянақты, заң талаптарын жетік білетін қызметкер бірден аудандық прокуратураның басшысы лауазымына көтерілді.
Байғазы Таспаев 1947 жылы заң мамандарын аса қажет етіп жатқан өңірдің бірі Амангелді ауданына прокурор болып барды. Барысымен онда орын алған келеңсіздіктерді жоюға, еңбекші халықтың мүддесін қорғауға бар ынтасымен кірісті. Тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да тау тұлғалы, әділетсіздікке жаны қас, қатал, бірақ адамгершілігі мол, кісіге қиянат жасамайтын прокурор Торғай аймағында да құрметке бөленді. Кейін, 1951 жылы туған жеріне қайта оралып қызметін әрі қарай жалғастырды. Өзі туып-өскен елінде құрметті демалысқа шықты.
Жоғары білімді, жастайынан әскери саланың тәрбиесін көрген, қару алып майданға кірген жансебіл жауынгер, одан кейінгі өмірін әділетті қорғауға арнаған Байғазы Таспаев қоғам жұмысына шын берілген қызметкер болды. Әділдігі, туралығы, көп сөйлемейтін қасиеті, білімділігі, кісілігі оны тұлға дәрежесіне көтерді. Қарт прокурор қай істі де жан-тәнімен беріліп, тыңғылықты орындайтын. Адамгершілікті ардақтау, өтірік айтпау, адалдық, тәртіп – өмірінің ең басты ұстанымдары еді. Байғазы Таспаев осынау қасиеттерімен де бүгінгі буынға, кейінгі ұрпаққа үлгі!
Зейнетте жүрсе де халық ісінен алшақтамай, ағалық ақылын нұсқаған ақсақал 1985 жылы 24 ақпанда, қазіргі Меңдіқара ауданы, Харьков ауылында мәңгілікке көз жұмды. Қадірменді жауынгер, парасатты прокурор, ардақты азаматты қалың ел ақтық сапарға арулап аттандырды. Кіндік қаны тамған атамекені, Ұзынкөл ауданынының Карл Маркс елді-мекеніндегі зиратқа жерледі. Бұл жер ежелден Уақ ішіндегі Шәйгөз руының қонысы.
Сөз орайында ардагер прокурордың өмірлік серігі, отбасының ұйытқысы болған жұбайы Зубайда Сомбайқызының есімін құрметпен атаған ләзім. Олардың артында бүгінде бір ұл, бір қыз қалды. «Тектіден текті туады, атаның жолын қуады» деген емес пе, Байғазы Таспаевтың қызы Кәмшат Дөненбаева күллі әлемге танылып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Тың жылдары дала төсінде тракторды тізгіндеп, белшеден бейнет кешкен Кәмшат Байғазықызының есімі бір дәуірдің дастанына айналып, тарих таспасына мәңгілікке жазылды. Осындай ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ардагер прокурор Байғазы Таспаевпен біз де мақтанамыз, болашағымызға бағдар санаймыз.
Нұрбол Әбдірахманов,
облыстық мамандандырылған табиғат
қорғау прокуратурасының аға прокуроры