9 млн теңге жымқырған
Қостанайда мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығы директорының орынбасары 9 млн теңгеден қаражатты өзінің жеке есеп картасына аударып келген. Бұл туралы «Қазақпарат» ХАА Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Іс деректерінде көрсетілгендей, аталған орталық директорының орынбасары 2017 жылдан бастап мекеменің қаржы-шаруашылық операцияларын өзі жүзеге асырып келген. Нәтижесінде оқытушыларға берілуі тиіс болған 9 млн теңгеден астам соманы өзінің жеке есеп картасына аударған. Кейін бұл қаражатты өз қалауы бойынша жұмсап отырған.
Экс-қызметкер төлеу қағазына жалған мәліметтерді, атап айтқанда, оқытушылардың жеке құжаттарын өзгертіп, өзінің карт-шотының нөмірін көрсеткен. Бюджет қаражатын жымқырған әйел Қостанай қаласының № 2 сотының үкімімен кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Осы уақыт аралығында пробациялық бақылау орнатылды.