Қызмет жолында қаза тауып еді
Өткен жылы қараша айында Жітіқара қаласының Советская көшесіндегі тұрғын үйде болған өртті сөндіру кезінде газ баллоны жарылып, салдарынан №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Мақсұт Иманбаевтың қаза тапқаны жайында бұған дейін жазылған болатын. Азаматтық қорғаныс капитаны өзінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде өз өмірін қатерге тікті.Мақсұт Иманбаевтың жасаған батыл қадамы ескерусіз қалмады. Жітіқара қаласындағы № 5 өрт сөндіру бөлімінде өр мінез азаматтың құрметіне естелік тақтаның салтанатты ашылу шарасы өтті. Ол тірі болса, 5 маусымда 47 жасқа толады екен.
Жиынға М.Иманбаевтың отбасы мен туыстары, Жітіқара қалалық № 5 өрт сөндіру бөлімінің және Жітіқара аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері, азаматтық қорғаныс органдарының ардагерлері және зейнеткерлері, «Қостанай минералдары» АҚ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің өкілдері, Жітіқара қалалық әскерилендірілген тауда-құтқару пунктінің құтқарушылары қатысты. Мақсұттың туған-туыстары, достары мен әріптестері оның отбасына осынау өмірден өткен жақсы адам туралы көптеген естелік сөздер айтты.
Өрт сөндірушілер және құтқарушылар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. Турнир жеңімпаздары кубоктармен және мақтау қағаздарымен, сондай-ақ номинациялар бойынша марапатталды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Облыстық ТЖД материалы бойынша әзірленді