Тоба ӨТЕПБАЕВ: «Қай нәрсеге де адалдық керек»

Қостанай қазақылықтан әманда алыстаған емес. Олай деуге Тобыл-Торғай төсінен түлеген тарихи тұлғалар себеп бола алады. "Ұлтым" деген Алаш зиялылары, "елім-жерім" деп тебіренген әдебиет өкілдері жетерлік. Қайта, қайраткер қостанайлықтар әр жылдарда қазақ халқының басынан өткен қиыншылықтармен күресіп келеді, жеңіп келеді.
Өңірдің арғы-бергі тарихына зер салсақ, екпін түсірер елеулі оқиғалар мен ерен ерлер баршылық. Мәселен, Тәуелсіз Қазақстанның төрт бірдей Халық ақыны атағының екі иегері осы Қостанайдан шыққан. Ақындыққа, оның ішінде айтыс өнерін тілге тиек етуіміз бекер емес. Өйткені, бұл жолғы мақалаға арқау болған кейіпкеріміз – айтыс өнерінің өкілі Тоба Өтепбаев. IMG_7912 - копияРеспубликаға танымал айтыскер ақын Айбек Қалиев баптаған тарландардың бірі – Тоба. Ол ұстаз көрсеткен ұлы жолды жетік меңгеріп, мықтылығын аламан айтыста дәлелдеп үлгерді. Ұлттық өнердің тұрақты көрермендері мен жанашырлары жерлесімізді жақсы біледі.Тоба Монтайұлы жаңа ғасыр айтыс алаңында өз есімін қалдырды десек болады.
Бүгіндері арқалықтық ақынның айтысын күтетін жерлестері, өз ортасы бар. Оқырман қауым арасында да Тобаның тілеуін тілейтін жанкүйерлері жетерлік екені сөзсіз. Соны ескере отырып, ақын бауырымызбен сұхбаттасқан едік.
 
-Тоба, сұхбатты өзіңнің қазіргі кәсібіңнен бастасаң?..
Бүгіндері Астана қаласындамын. Әзірше жұмыстың реті елордадан бұйырып тұр. Оның үстіне, республикадағы белді ақындар да осында. Етене араласып, шығармашылықты шыңдай түсуге септігі тиеді. Мамандығым бойынша орта мектепте сабақ беремін және сол мектепте «Айтыс – ұлттық өнер» атты қосымша сағаттар өткізіп жүрмін. Мұнда айтыстың тарихы, осы өнерге еңбегі сіңген кісілер туралы дәріс оқимын, бір жағынан жас жеткіншектерді асыл өнерге баулып жүрген жайым бар. Алайда, ат басын Арқалыққа жиі бұрамын. Қайткенмен де айтысқа Қызылқозының намысын қорғап шығамын ғой…
-Кейінгі кездері телеарналардан көрсетілетін немесе тағы да басқа республикалық айтыс додаларында көрінбейсің… Сенің де өз қолдаушыларың бар. Кей жерлерде халық сені сұрап жатады.
Біріншіден,қазіргі уақытта айтыскер ақындардың қатары біршама көбейді. Екіншіден, айтыс өзге өңірлерде, яғни Қазақстанның басқа аймақтарында жиі ұйымдастырылып жүр. Сәйкесінше, республикалық айтыста сол жақтың ақындары көптеп бой көрсетеді. Әр облыс өздері өткізіп отырғасын біз секілді ақындар ол өңірлерден де табылады. Сосын елге танымал бір-екі айтыскерді қосады. Додаларға үзбей қатысып отыруға әзірше шама-шарқымыз шаптырмай тұр. Ал, өкінішке қарай, Қостанай облысында ондай ауқымды айтыс өте бермейді. Әйтпесе, біздің өңірде де жүрген мықты ақындарды көрсетіп, әсте жарнамалауға болады.
 Тобыл-Торғай топырағы талай азаматтарды дүниеге әкелген емес пе. Берісі Қонысбай Әбіл, Әсия Беркенова, Айбек Қалиев, Жадыра Құтжанова секілді аға-апаларымыз тыңнан түрен салып, қазақтың айтыс өнерін аспандатқанына ел куә.Бір емес екі бірдей Халық ақыны бізден шыққан. Осындай талант иелерін тудырған Торғай төскейінде ақын таусылды дейсің бе? Керісінше, жетерлік. Тек теріскейге назар аударылмай тұр.
Айтар болсам, Айбек ағайдың Арқалықтағы үйірмесінен жыл сайын қаншама дарынды балалар айтысқа бет алып жүр.Ол кісінің Арқалыққа келіп қызмет етуінің өзі мен секілді қаншама жас буын ақындарға үлкен мектеп болды. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» дегендей, бізде сол кісінің ықпалымен көптеген додаларға түсіп, шыңдалдық.
-Арқалықтың жас ақындарын айтып өттің. Талантты өрендер өсіп келеді дейсің. Оны біліп жүрміз, көріп жүрміз. Осы тұста облыс орталығындағы айтыстың дамуы мен мұндағы жас ақындарға тоқталып өтсең…
Қазір Қостанайда бабында жүрген, айтыста аламанды жарып шығамын деп түбегейлі мақсат қойған ақын жоқ секілді.Әйтеуір, ілініп-салынып бір үміт, бір күдікпен бір жерде жарқ ете қаламын ба дегендердің қатары көп пе деймін. Айтыскер болудың да жауапкершілігі зор. Айтыста арда болу үшін, алдымен, адалдық қажет. Не нәрсеге де тазалықпен қараған жөн. Елдің алдында ақындық жауапкершілігін сезінбеген адам айтысқа жеңіл қарап сөздің құнын түсіреді. Ондайлар айтыстың да берекесін кетіреді.
Ал, жазба ақындарына дау жоқ. Олардың қатарын тізе беруге болады. Неге екені белгісіз, тек айтысы ақсап тұр. Бір жағынан  қазір бәрін тұрмыс билеген заман ғой. Ақындардың көбісі асабалықпен айналысып жан бағып жүріп, ақындық қуатын сарқып алуда. Бас қосатын орта жоқ. Қазір Жүрсін Ерман басқаратын «Халықаралық ақындар мен жыршы-термешілер одағы» бар. Кейбір облыстарда сол одаққа қарасты филиалдар ашылған. Соның бірі біздің облыста болса, жас ақындардың, үлкен буын өкілдерінің бас тірейтін жері болар ма еді. Орыстанған аймаққа ұлттық құндылықтар ауадай қажет. Сосын жас ақындардың өсуіне республикалық айтыстардың беретіні көп. Қазіргі облыстағы ақындар университет қабырғасында жүріп республикалық студенттердің айтысына жиі қатысып тұрса, үлкен айтыстарға апаратын даңғыл жол сол болады.
Осыны бір арнаға түсіріп, қолға алатын кісі болса жақсы болар еді. Қайткенмен де, облыс орталығында өнердің қай саласы болсын жұлып-жеп тұрғаны жөн ғой. Бұл – менің ғана пікірім.
Айтыстан ауытқысақ. Бір-екі жыл бұрын Тоба Өтепбаевты әншілік қырынан байқаған болатынбыз. Әні мен сөзін де өзің жазып, әуезді әндеріңмен жұртшылықты тәнті қылып едің. Қазір сол өнерің неге түгесілді?
Санамда әуендердің сайрап тұратынын жасырмаймын. Сұлу саз келіп тұрса, келісті сөзін де жаза қоятын әдетім бар. Олай болатын себебі де жоқ емес. Өйткені, мен өнерпаздардың отбасында дүниеге келгенмін. Менің әкем жыршы-термеші кісі. Нағашыларымда өнерден құр қол емес. Шетінен әнші, жыршы. Бала күнімде біздің үйге келген қонақтар әкеме Нұрханның «Қарға», Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастандарын айтқызып, өздері тамсанып отыратын. Сосын ауыл ақсақалдары жиналып әкеме терме, жыр айтқызатын. Өлең-жырға жастайымнан сусындап өстім.Сондықтан болар,  бала күнімнен-ақ өздігімнен домбыра тартуды үйреніп кеттім.Өнерге жақын болдым.
 Бір-екі ән жаздырып байқап көргенім рас. Жаман емес,халық ұнатты. Кейбір жерлерде айтылып жүрді. Кейін доғаруды жөн көрдім. Оның үстіне көп уақытты талап етеді. Ал мен бар уақытымды айтысқа арнағанды дұрыс деп ойладым. Жоғарыда өзім айтып өткендей, не нәрсеге де адалдық қажет. Мен кәсіби композитор не әнші емеспін. Сондықтан мен шығарған әндердің бәрібір кемшілігі болып тұрады. Шала нәрсе үшін сын естіп, бар абыройдан айырылғым  келмейді. Айтысты серік еткен екем, басқамен былғамайын деп шештім. Шыны керек, сол әндермен бір тиын болса да табыс тауып көрмедім. Бәрі тек өз әуестігім үшін.
-Лауазымды қызметте де болғаныңды білеміз. Ол жерде де көп тұрақтамадың. Не себеп?
"Жас келсе – іске" деген ұстаныммен жүріп, 22 жасымда директор болғаным бар. Бұл – ЖОО-ның енді ғана тәмамдаған шақ. Арқалықтағы Жастар театрына басшы болып бардым. Жас болсам да, жүктелген міндетті абыроймен атқардым деп ойлаймын. Сол қарқынмен әрі қарай жалғастыра бергенім де, қазір одан да жоғары лауазымда отырар ма едім, кім білсін… Бірақ мен мансап, атаққа қызыққан емеспін. Айтыста жүргесін жарыстарға жиі шығып тұрасың, жүріс-тұрыстарың көп болады. Ал қызметіңді бос қалдырып кетуге тағы болмайды. Сол себептен бұл жұмыстан өз еркіммен бас тартқанмын. Өйткені, айтыс мен үшін әрдайым бірінші кезекте тұрады.
 Әдебиет – ардың ісі.Оны ешнәрсемен айырбастауға болмас. Тағы да қайталап айтамын, не болса да айтыстан ажырамаймын. Өзімнің қазіргі күйіме де шүкіршілік. Мәдени ортада, қазақы қалыптан алыстамай, рухымды жықпай келемін. Қазақты ұстап қалатын – өзінің ұлттық құндылығы ғана. Сондықтан, айтыс бұл ретте мызғымас рөл ойнайды. Маған халыққа тиімді салада еңбек еткен қажеттірек. Сөз соңында айтарым,қазіргі қоғам құбылмалы. Адамды елертіп, есінен айырар зиянды дүние жетерлік. Сол себепті жылтырағанның бәріне жүгіре берсек, адасарымыз сөзсіз.
-Рахмет, Тобажан. Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңе мың алғыс.
 
Сұхбаттасқан Кенже ҚОНЫСБАЙ
 
 

You may also like...

5 Responses

  1. Серікболсын айтты:

    Тоба – мықты ақын!  Әндері де әдемі! Бірақ,соңғы уақытта көп көрінбей кетті. 

  2. Aina айтты:

    Иә,Тобаның айтқандарының бәрі рас! Қазір Қостанайда жөнді ақындар қалмады. 

  3. Мақсат айтты:

    Казирги акындар усакталып кеткен.  Дурыс айтыс жасай алмайды.  Алдында Тәуелсіздікке байланысты болган айтыста да жонди айтыса алмады. 

  4. Гүлайым Алтынбаева айтты:

    Жарайсың,Тобажан! өнерің өрге жүзсін! Мен сенің жерлес апаңмын. Сенің айтыстарыңды Отбасымызбен жібермей қараймыз. 

  5. Сапар айтты:

    Тобаның айтысқаны өзіме ұнайды! казир коп ақындар коринбей кетти. Сол ақындар туралы көбірек жазсаңыздар. Оқып болса да қайда жүргендерін біліп отырайық. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓