“Ауылым – менің жұмағым!”
Фотобайқаудың бүгінгі қатысушысы – Сарыкөл ауданының Қараоба ауылындағы Бекет Өтетілеуов орта мектебінің тәлімгері Сәуле Молдахметова. Бұл үміткер де байқауға балақайлардың суреттерін жолдап отыр. Материалдармен қоса келген хатқа назар салып көрелік:
"Сәлеметсіздер ме, құрметті «Қостанай таңы» газетінің редакциясы! Сіздердің басылымдарыңыз арқылы аймағымыздың хал-ахуалын, тыныс-тіршілігін біліп отырамыз. Облысымыздың мерейін асқақтатып жүрген жерлестеріміз туралы оқығанда кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді. Еңбектеріңізге жеміс тілей отырып, «Ауылым – менің жұмағым» байқауына Қайранкөл жағасында түскен қатыстырғалы отырмын.
Жазда Бекет ордасында «Бала күлкісі – өмірдің сәні» ұранымен «Сергектер» сауықтыру алаңы қызу еңбек етті. Бір ай ішінде бастауыш сынып оқушылары қызықты және тартымды ойындар мен жарыстарға белсенді қатысты. Ән, би, сұлулық байқауларда өз өнерлерін көрермендерге тарту етті. Қара домалақтарымыздың ішінде аты елге танымал, Қараоба жерінен шыққан Бекет Өтетілеуов, Ілияс Омаров, Жайсаңбек Молдағалиев, Өмірзақ Сұлтанғазин ағаларымыздың ізбасарлары бар екеніне күмәнсіз сенемін.
Балдырғандар – елдің болашағы, сондықтан балаларымыздың сыңғырлаған күлкісі ешқашан тыйылмасын!"