Отбасылық үлгідегі алғашқы балалар үйі ашылды
Қостанай облысында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған сегіз баланы асырап алған Нұрлан мен Гүлжауһар Төлегеновтер отбасылық үлгідегі балалар үйін салып бітірді. Қостанай ауданында орналасқан зәулім үй бүгін салтанатты түрде ашылды. Ерлі-зайыпты Нұрлан мен Гүлжауһар тоғыз баланы тәрбиелеп отыр. Оның сегізін жетімдер үйінен асырап алған. Балалардың ұлты әртүрлі. Өзара мемлекеттік тілде сөйлесіп, қазақ мектебінде оқиды.
Төлегеновтер отбасы үш жыл бұрын «Отбасылық балалар үйін бірге салайық» жобасы аясында баспана салуға кіріскен болатын. Игі бастамаға Қостанай ауданының мұғалімдері бір кісідей үлес қосып, қаражат жинауға көмектесті. Алғашқы түскен бес миллион үйдің іргетасы мен бірінші қабаттың қабырғасын қалауға кеткен. Отанасы Гүлжауһар Қабдыкәрімқызы құрылыс жұмыстарына қажетті қосымша қаржы іздеп сабылады. Басталған істі аяқтауға Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы, әртүрлі этно-мәдени бірлестіктер зор үлес қосты. Қазақстан халқы Асссамблеясының «25 игі іс» акциясы аясында облыстағы корей қауымдастығының жетекшісі, «БК-СТРОЙ» құрылыс компаниясының басшысы Игорь Ким материалдық көмек көрсетеді. Облыстық Ассамблея мүшелері аталған отбасыны өз қамқорлығына алған. Алдағы уақытта үйдің іші мен сыртын әрлеуге, ауласын қалпына келтіруге қолғабыс етеміз деп отыр. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, қайырымдылық іске атсалысқан меценаттарды атауды жөн көрдік. Олар: ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Иван Клименко, «Фрунзенское» ЖШС директоры Николай Шерер, «Диевское» ЖШС-ның директоры Олег Даниленко, «Шолақсай-1» ЖШС директоры Өмірзақ Ихтиляпов, «Железнодорожное» ЖШС директоры Максим Артемук, «Арвис» және «Кардинал» ЖШС. «КМФ» микрокредиттік ұйымы көпбалалы отбасыға шағын автобус сыйлаған болатын.
Жомарт жандардың қолдауымен аумағы 340 шаршы метр болатын екі қабатты коттедж бой көтерді. Салтанатты ашылу рәсіміне демеушілер мен жергілікті билік өкілдері қатысты. Жиналғандар жаңа қонысқа құтты болсын айтты. «БК-СТРОЙ» құрылыс компаниясы қоныс той иелеріне теледидар, облыстық білім басқармасы жиһаз алуға сертификат сыйлады.Бауыржан КӨПЖАСАРОВ, Қостанай аудандық мәслихатының хатшысы:
-Тәрбиелеп отырған бүлдіршіндеріңіз еліміздің үлгілі азаматтары болып өссін. Балалар үйінің құрылысына көмек берген барша демеушілерге алғыс айтамын. Үйдің іші жанға, сырты малға толсын. Шаңырақтарыңыз шаттықтың ордасына айналсын.
Игорь КИм, «БК-СТРОЙ» ЖШС-ның директоры:
-Облыстағы педагогтардың бастамасымен қолға алынған жоба тамаша болатын. Отбасылық үлгідегі балалар үйін салу идеясының өзі керемет емес пе! Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, облыстағы этно-мәдени бірлестік өкілдері бастаманы бір ауыздан қолдады. Гүлжауһар мен Нұрланның балаларға жасаған жақсылығы ерлікпен пара-пар. Мұндай қадамға екінің бірі бара бермейді. Біз өз көмегімізді аямаймыз. Бүгін бітпей қалған істі келесі жылы аяқтауға сөз береміз. Ауланы кеңейтіп, бақша салуға көмектесеміз. Жергілікті атқамінерлер жер телімі мәселесін шешіп берсе, қора салып мал ұстауға да болады.Бағытұр ДӘНДІБАЕВ, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының өкілі:
-Бір шаңырақ астына топтасқан балалардың сенімі берік болсын. Туған еліне, ата-анасына қызықтарын көрсетсін. Қайырымдылық дегеніміз материалдық қолдаумен қатар рухани демеудің көрінісі. Бұл үйдің іргетасын қалауға бір топ қауымның еңбегі сіңді.
Бәтима ДАУМОВА, облыстық білім басқармасының басшысы:
-Біздің елімізде жетімдер үйінің санын азайту керектігі біраз жылдан бері айтылып келеді. Әр бала отбасында тәрбиеленуі керек. Бұл оқиға облыс халқының ауызбіршілігі мықты екенін дәлелдей түскендей.

Қымбат Досжанова.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай.