Электр жарығы қымбаттамайды
2017 жылы Рудныйдағы электр энергиясының тарифі ағымдағы жылдың деңгейінде сақталмақ. Өткен жылы Еуразиялық Топ басшылығы Рудныйлықтар үшін маңызды шешім қабылдап, қала халқы тұтынатын электр қуатын Ақсу электр стансасынан тасымалдай бастады. Нәтижесінде электр энергиясының тарифі 10 пайыздан артық төмендеп, бұл тамаша үрдіс биыл да сақталған болатын. Енді алпауыт компания өкілдері 2017 жылда да бекітілген баға сол күйінде қалатындығын айтады.Еске сала кетейік, бұл шешім қабылданбас бұрын қалаға электр энергиясы Екібастұз МАЭС-1-ден 16,11 теңгеге жеткізілетін. Ал Ақсулық стансаның босату бағасы 14,46 теңгені құрады. Теңге тиыннан құралмай ма? Жаңа тарифтың арқасында 2015 жылы жеке тұлғалар 87 миллион, ал заңды тұлғалар 97,6 миллион теңгесін үнемдей алды. Мамандар биылғы үнемдеу көрсеткіші одан жоғары болатындығын болжап отыр.
– Біз төмендетілген тариф бойынша төлеуге үйреніп кеттік. Еліміз үшін қиын экономикалық кезеңде, әдетте, бағалардың өсуін күтеміз. Ал электр энергиясы үшін төлемде барлығы керісінше болды. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай! Сондықтан компания басшылығына халыққа жасап жатқан қамқорлығы үшін зор алғысымды білдіремін – дейді зейнеткер Мақсұт Алтынбаев.
Еуразиялық Топ үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі басым бағыттардың бірі болып қала бермек. Рудный мен Қашарға тасымалданатын арзан электр қуаты бұл – әлеуметтің әлеуетін арттыру жолындағы жұмыстардың бір бағыты ғана.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ