Туберкулез: облыста өлім-жітім 61 пайызға кеміді
Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Дәулетбаев Instagram-да жазды.
Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде туберкулезге қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Дегенмен, 2021 жылмен салыстырғанда аурудың таралу деңгейі 10,7%-ге өскен, ал осы науқастан көз жұму дерегі 61 пайызға қеміген.
"Бүгінде туберкулезге қарсы қызметтің нәжижелі жұмысына алдын алу шаралары, сондай-ақ дертті уақытылы анықтау және сәтті ем-дом жүргізу басты негіз болып отыр. 2021 жылы өңірде алдын алу шаралары кең ауқымда жүргізілді. Флюорографиялық тексеріспен 90,4 % адам қамтылған, оның ішінде тәуекел тобындағы 94,1 % науқас тексеруден өтті. Олар – емханалардың диспансерлік есебінде тұрған тұлғалар, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, студенттер, аспаздар және басқалары. Туберкулездік диагностикадан 60 449 бала мен жасөспірім өтіп, 9 938 нәресте екпе алды. 1-сыныпта оқитын 5 823 бала ревацинация қабылдады. Санаториялық жағдайда балабақша топтарында тәрбиеленетін 168 бала сауықтырылды", – дейді департамент басшысы.
Е.Дәулетбаевтың мәліметінше, 2021 жылдың соңында санитарлық және туберкулезге қарсы қызмет есебінде 551 бациллярлық ошақ болған, онда 1595 тұлға тұрды, олардың 478-і – балалар мен жасөспірімдер.