«Менің елім – Мәңгілік ел»
Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып жатқан «Менің елім – Мәңгілік ел» атты республикалық жастар акциясы Қостанайда өтті. Акция Талдықорған қаласынан бастау алған. Айтулы шара қарсаңында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов құттықтау сөз сөйледі.
– «Тәуелсіздіктің жиырма бес шыңы – 25 жұлдызды күн» акциясы шеңберінде түрлі іс-шаралар өткізілуде. Бұл шараның мақсаты – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен оның құндылықтарын қазақстандық қоғамда, әсіресе, жастар арасында ілгерілету, Тәуелсіз еліміздің дамуында барлық аймақтардағы жастардың қосқан үлесін және дәрежесін көрсету. Міне, бұл акцияға Қостанай жастары да үн қосып отыр. Жастар – біздің болашағымыз. Сіздердің аз ғана жетістіктеріңіз осынау «Мәңгілік Ел» жастарының кітабына еніп отыр. Жастардың толайым табыстарының арқасында ғана Ұлы Дала елін сақтап қала аламыз, – деді ол.Акцияның негізгі символы «Мәңгілік Ел» жастарының жетістіктері – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» кітабына еңсе түзеген егемендік жылдары жастардың қол жеткізген жетістіктері, оларға жасалған қамқорлықтар, «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясы туралы пікір-үндеулер жазылмақ.
– Ширек ғасырды артта қалдырдық. Соншама уақыт емес. Десек те, бұл сонау 1986 жылғы үлкен алаңнан басталған қадам еді. Сол өздерің сияқты жастардың арқасында біздің көк туымыз БҰҰ төрінде ілініп тұр. Барлық ардагерлердің атынан сіздерді құттықтаймын, – деді.
Мұнан соң Павлодар облысынан келген жастар көшбасшысы Максим Споткай шығып, акцияның маңыздылығымен бөлісті.
Талай додаларда оза шауып, облыстың абыройын асқақтатқан аймақ жастарының да еселі еңбектері ескерусіз қалмады. «25 жұлдызды күн» шарасының аясында өткен бейнероликтер байқауында жеңіске жеткен Нұрлан Қисықов, Анастасия Тянь, Арыстан Ұтбаев секілді жастарды облыс әкімі марапаттады.
Әр салада жемісті еңбек етіп, қоғамның дамуына ұшқыр білімі, білек күшімен өзіндік үлестерін қосып жүрген жастар сахна төріне көтеріліп, Отанға деген сүйіспеншілігі мен жеріне деген құрметін жеткізді. Қостанайлық жастардың атынан Олжас Дүйсеков президентке Үндеу оқыды. Павлодар қаласы «Қоғамдық келісім» үйінің директорының орынбасары Қайрат Жақия Үндеу жазылған кітапты қабылдап алды.Алдағы уақытта бұл шара эстафета түрінде барлық аймақтарда өз жалғасын тауып, Тұңғыш Президенті күнінде Астана төрінде қорытындыланбақ.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Айбек Жүзбай