Тәжірибе алмасты

Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының мұрындық болуымен Челябі облысындағы  Қазақ диаспорасының өкілдері Қостанайға келді. Мақсат – қазақ диаспорасы өкілдерінің арасында қазақ тілін оқыту бойынша өзара тәжірибе алмасып, мәдени және әлеуметтік-гуманитарлық салада шекаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Көрші елден келген бір топ делегация «Қазақ диаспорасына ана тілін үйрету бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету» атты семинар тренингке қатысып, қостанайлық әріптестерімен тәжірибе алмасты.
DSC_0016
Аталмыш шараға Челябі облысындағы «Жақсылық» қазақ ұлттық мәдени орталығының басшысы, Троицк қаласы мен Верхне-Уральск, Чесмен, Агапов, Уйск аудандарындағы қазақ диаспорасының өкілдері, Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі, «Отандастар Қоры» КЕАҚ мәдени-гуманитарлық жобалар департаментінің менеджері, тілдерді оқыту орталықтарының басшылары және оқытушылары, басқарма қызметкерлері қатысты.DSC_0169
–Мен тұрып жатқан Челябі облысының Верхне-Уральск ауданында үш жарым мыңға жуық қазақ бар. Алайда, мектептер мен балабақшалардың дені орыс тілінде. Бірақ қазақ тілін үйренуге деген құлшыныстары бар. Осындай семинар-тренингке қатысу арқылы біз білімімізді одан әрі жетілдіріп, жас ұрпаққа ана тілін үйреткіміз келеді, – дейді Челябі облысы, Верхне-Уральск ауданының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Алтыншаш Тасқаранова.
Қырық мыңға жуық қандастарымыз тұратын Челябі облысы мен Қостанай облысының тілдерді дамыту басқармасының бірлесіп жұмыс жасап жатқанына биыл он жыл толыпты.
–Челябі облысындағы әріптестерімен біздің тілдерді дамыту басқармасы тығыз жұмыс жасайды. Соның арқасында Челябі облысының бес ауданында қазақ тілін оқыту курстары жүріп жатыр. Республикада тілдік реформа жүріп жатқандықтан,  латын қаріпіне көшуге байланысты латын графикасының бастамасымен де таныстыратын боламыз, – дейді    тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Сүлейменова.
Шара барысында мемлекеттік тіл саясатын іске асыру, өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, этномәдениетті жетілдіру және қоғамдық ұйымдар арасында қызметтік бірлестікті сақтау, мұғалімдерге  ана тілін сақтап қалу үшін қажетті көмек көрсету сияқты мәселелерді шешу тетіктері айқындалды. Сондай-ақ, Ресейден келген мұғалімдерге жергілікті оқытушылар шеберлік сағаттарында дәріс беру ережелерін үйретеді.
Бұндай игі бастамалар ана тілімізді ұмытпауға, екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтуға септігін тигізеді дейді сала мамандары.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓