Еңбегі елге өнеге
Сәбит Байназаров ақсақал туралы ой
Еңбек – өмір шырағданына май тамызып отырады.
Джон Беллерс.
Торғай өңірінің қай жерін алып қарасаңыз да, шұрайлы мекенін көріп еріксіз таңдай қағасыз. Сондай жерлердің бірі – аудан орталығынан 70 шақырымдай қашықтықта орналасқан Ақшығанақ ауылы (бұрынғы "Партсъезд" совхозы). Осы бір түгін тартсаң майы таматын өлкені көзбен көрудің сәті түспей жүрген-ді. Алайда, Алла сәтін салып, 2013 жылдың қараша айында жолым түсіп, арнайы барып қайттым. Кеңес өкіметі кезінде дүркіреп, төрт түлігі жеріне сыймаған құтты жердің бүгінде сол байлығы әлі де қаз қалпында екеніне көзіміз жетті. Десе де, ауыл тұрғындары мал санының азайғанын айтады. Нағыз қазақи иіс аңқыған ауылда 195 шаңырақта 1160 адам тұрады. Ауыл тұрғындары ата кәсібі – мал шаруашылығымен айналысып, күнкөріс қамын күйіттеп, бала-шаға бағуда. Ауыл әкімшілігінің санағы бойынша ірі қара саны – 2955, жыл-қы – 1000, қой-ешкі – 10 мың бас, иен даланы иемденген. Бүгінгідей мал басын көбейтуде ауыл шаруашылық техникасының орны ерекше екені сөзсіз. Алмағайып заманда ауыл азаматтары қолда бар сол техникаларын сақтап қалыпты.
Әйтсе де, мақалаға арқау болып отырған басты себеп бұл емес. Арнайы осы ауылға атбасын бұруымның мақсаты – ауылдың құрметті ақсақалы, еліміздің мал шаруашылығы дамуына үлес қосқан КПСС ХХІ съезі атындағы совхозда еңбек еткен, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерінің иегері, есімі "Алтын кітапқа" енген Байназаров Сәбит ақсақалмен арқа-жарқа әңгімелесіп, өмір жолын бүгінгі жастарға үлгі ретінде жазу.
Түс ауа Ақшығанақ ауылынан 14 шақырымдай тысқары жатқан негізгі мал қонысы орналасқан Ахмадия жайлауына жол тарттық. Бұл аймақ кезінде 30-40 шақты шаңырағы бар қоныс болған деседі. Қазір тек солардың орны ғана қалыпты. Біздің кейіп-керіміз Сәбит ақсақал күздің қара суығына дейін төрт түлікті осы бір шұрайлы мекенде ұстаған екен. Ымырт жабыла жеткенше өрістен мал да келіп, сиыр сауыны басталып та кетті. Ақсақалмен амандық сұрасып, негізгі әңгімеге көштік. Бір байқағаным, Сәбит ақсақалдың жасы келгенімен қолының қауқары кетпегені көрініп тұр. Арда бұзауларды бір қолымен шыр айналдырғанын көріп, әлі де білек күшінің ортаймағанын байқадық.
Әңгімесін кешегі кеңестер заманындағы кеңшардың дүркіреп тұрғаны уақытынан бастады. Дәл осы Ахмадияның өзі сол уақыттарда үлкен ел қонысы болғанын, бүгінде тек ауылдың орны ғана қалғанын қынжыла шертті. Оның себебі де белгілі, кешегі кеңестік жүйе ыдырап, кеңшар мүліктері ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті.
Міне, сол қоныста Байназаров Сәбит ақсақал 1936 жылы дүниеге келген. Әкесі Байназар заманында алып денелі, нар жығатын күш иесі болыпты-мыс. Байназардан тараған Сәбит, Ғалым ағаларымызбен Сара апамыз да елге еңбегі сіңген жандар. Әсіресе, Ғалым Байназаровты бүкіл ел қаржыгер, алғашқы төл теңгемізде қолтаңбасы қалған тұлға ретінде таниды. Ал, Сара Байназарова болса, талай жыл есепші қызметінде істеп, зейнетке шыққан.
1959 жылы Сәбит ақсақал Орынкүл әжемізбен отау құрып, осы жылдан бастап шопан болады. Қазақта "малды тапқан емес, баққан біледі" деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек-ті. Қысы-жазы мал соңында жүріп, оларды баптап-күту қиынның қиыны. Сол ауыртпалықтарға мойымай еңбек ете білді. Сәбит ақсақал 1961-62 жылдары 100 қойдан 100 қозы алса, 1964-65 жылдары 100 қойдан 110 қозы алды. Кейін 1969 жылы 112 қозыға жеткізді. 1980 жылы осы еңбегі үшін аудандық депутаттыққа сайланды. 1993 жылы Сәбит ақсақал зейнетке шықты.
Қорыта айтқанда, Сәбит ақсақалдың еңбек жолындағы ерлігі көпке өнеге. Ол Орынкүл әжеміз екеуі тоғыз бала тәрбиелеген ардақты жан. Хакім Абайдың "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарының тіленбей" деп айтқан даналығы осы сияқты еңбек ерлеріне арналса керек. Еңбегімен көпке үлгі болған Сәбит ақсақалға ұзақ ғұмыр, немере-шөберелеріңіз-дің қызығын көруге жазсын демекпіз! Лайым солай болғай!
Амангелді Ахметжанов.
Арқалық қаласы.
Суретте: Сәбит ақсақал мен Орынкүл әжей.