Ашықтық – маңызды қағидат
Жариялылық – іс жүргізу кодекстерінде сот ісін жүргізудің негізгі қағидаты болып табылады. Бұл қағидатты талқылау кезінде негізгі назар сот ғимаратына қолжетімділік, іс жүргізудің және сот отырысының ашықтығына айырықша көңіл бөлінеді.
Елбасы өзінің "Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Қазақстан хал-қына Жолдауында: "Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет", – деп атап өткен болатын. Менің ойымша, судьялардың және БАҚ өкілдерінің көңіл аударатын бір мәселесі, ол – мемлекеттік органдар жүйесінде соттардың алатын орны, соттың мәртебесі, тұрғындардың сот қызметкерлеріне көзқарасы, халықтың сотқа деген сенімі. Бұл – сот ісін жүргізудегі ашықтық қағидатын тиімді қолданудың көрсеткіштері.
Сот шешімдері, сот жүйесінің жұмысы, соттардың жұмыстары жөнін-де халыққа ақпарат берудің өз ерекшеліктері бар. Судьялардың шығарған шешімдеріне, оның іс әрекеттеріне сын жиі айтылады. Көптеген жағдайларда бұл сындар өз ойларынан шығарылып, ешқандай да дәлелдемесіз болып келеді. Бұл біздің қызметіміз туралы ақпараттардың жеткіліксіздігінен туындайды. Егер де негізсіз тағылған сынның мән-жайын анықтап теріске шығармаса, жұртшылықтың көкейінде қате пікір қалыптасады.
Бүгінгі күні сот жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, түрлі бағдарламалар мен жобалар жасалуда. Соның бірі – электронды бақылау өндірісі. Бұл қызмет – сот отырысына қатысушыларына пароль беру арқылы сот істері бойынша ақпарат алу үшін және іс бойынша барлық сот актілерімен танысуға мүмкіндік жасайды.
А.ЖҰМАҒҰЛОВ,
Қостанай облысы қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы.