Еңбек пен даңқтың мерекесі
Әулиекөл ауданының диқандары дәстүрлі ауылшаруашылық қызметкерлерінің күнін атап өтті. Биыл бұл мерекеге әулиекөлдік шаруалар қыруар жетістіктерімен келіп отыр. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жергілікті диқандар мол өнімге қол жеткізді.Үстіміздегі жылы аудан бойынша 219,600 гектар алқапқа дән сіңірілсе, соның 97 %-і бидайдың еншісінде. Соңғы жылдары әулиекөлдіктер майлы дақылдар, көкөніс алқаптарын да ұлғайта түскен. Биылғы астық түсімі орташа есеппен гектарына 11,2 центнерден айналды. Бірақ, аудан шаруашылықтарының ішінде бұдан да жоғары көрсеткішке жеткен шаруашылықтар аз емес. Мәселен, «Қайсар-Агро» ЖШС әр гектардан 16 центнерден астық жинады. «Диев» Агрофирмасы» ЖШС-14,2 центнерден, «АгроКомЛэнд» серіктестігі 13 центнер өнімге қол жеткізді.Аудан бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болған «Қайсар-Агро» ЖШС 1998 жылы құрылған. О баста бар болғаны екі мың гектар алқапқа дәң сіңірген шаруашылық қазір он мың гектар жердің иесі. Шаруашылық жыл сайын техника паркін жаңалап тұрады. Биылдың өзінде су жаңа үш «Вектор» комбайнын, тағы бірқатар техника сатып алды. Жұмыс өнімділдігі жоғары мұндай қуатты техникамен жұмыс істеу де оңай. Сол себепті, шаруашылық күзгі жиын-терімді уақытылы әрі жемісті аяқтады.
-Әрине, алдан кездескен қиындықтар аз болған жоқ. Олар қашанда болған, бола да береді. Соған қарамастан дала жұмыстарында еш іркіліс болған жоқ. Біздің шаруашалықта 50-ден астам адам жұмыс істейді. Ешқандай маман тапшылығы жоқ. Керісінше, көрші ауылдардан келіп, жұмыс істейтін жандар бар. Өйткені, қарапайым еңбек адамдарына барынша жағдай туғызуға тырысамын,-дейді «Қайсар-Агро» ЖШС директоры Абдолла Митеев.
Жалпы, Әулиекөлде шаруасы өрге басқан мұндай шаруашылықтар ондап саналады. Соның арқасында ауданнның экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші едәуір арттты.Дәстүрлі ауылшаруашылық қызметкерлерінің мерекесінде аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов диқандардың еңбегін лайыққты бағалады.
-Биылғы ең басты міндет орындалды. Үстіміздегі жылы табиғаттың тосын мінезіне қарамастан аудан диқандары қамбаға 245 мың тоннадан астам астық құйып алды. Бидайдың сапасы жаман емес. Келесі жылға қажетті 25 мың 200 тонна тұқым сақтаулы. Яғни, тұқым қоры 100 % дайын.
Біздің ауданнның еңбеккерлері әрқашан да өздеріне жүктелген тапсырманы мүлтіксіз орындап келеді. Алдағы уақытта да ауылшаруашылық қызметкерлері осы жақсы үрдісті жалғай беретіндігіне сенімдімін.Ауылшаруашылық саласы өте күрделі сала. Елімізді сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауыл еңбеккерлерінің ісін біз әрдайым жоғары бағалаймыз. Олар қай құрметке болсын, лайық,-деп атап өтті аудан басшысы.
Айтпақшы салтанатты жиын үстінде бір топ еңбек озаттары облыс, аудан әкімдерінің құрмет грамоталарымен, ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Мәселен, қырық жылдан бері комбайн рөлінен түспеген «Тимофеев-Агро» ЖШС механизаторы Сұлтан Бекенаев, «Успанов. Т.Т» шаруа қожалығының жүргізушісі Серік Досмайылов, «Қайсар-Агро» ЖШС агрономы Николай Носуля, «Хасенов.Г.С» шаруа қожалығының механизаторы Тілеуқабақ Рахметов т.б ондаған азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болды. Тағы бір топ ауылшаруашылық қызметкерлері аудан әкімінің марапатына қол жеткізді.Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты. Аудан көркемөнер шеберлері озат диқандардың құрметіне ән мен күйден шашу шашты.
-Нансаңыз, бүгін не айтарымды да білмей тұрмын. Әрине, бұл мен үшін үлкен қуаныш. Азды-көпті еңбегіміз бағаланып жатса, одан артық бақыт бар ма?! Біз еліміздің астық қорын молайтуға үлес қосқанымызды мақтан етеміз,-дейді «Қайсар-Агро» ЖШС агрономы Николай Носуля.
Құшақтары гүл мен түрлі сыйлыққа толы механизаторлар әлгінде ғана аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шарадан жүздері жайнап шығып бара жатты. Оларды алда тағы да ауыр еңбек күтіп тұр.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген автор.