«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Қостанайға келді

        Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жолға шыққан пойызда халық қалаулылары, қоғам қайраткерлері, жеті министрлік және үш ұлттық компанияның өкілдері бар. Бүгін сағат тоғызда теміржол вокзалына жиылған елдің көңілі де көтеріңкі. Осы орайда, қостанайлықтар алдында сөз алған қамқор топтың жетекшісі, тарихшы Әміржан Әлпейісов шараның маңыздылығына тоқталды.
IMG_6162
     – Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігімізге биыл 25 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде еліміз әлемге танылды. Бүгінгі күні келешек ұрпаққа оның қадір-қасиетін ұңғындыру қажет. Бұл жолғы біздің сапарымыздың мақсаты да осы. Біз сапарға шыққан он шақты күннің ішінде 15 мың жуық адамға қызмет көрсеттік. Олардың тең жартысы медицина саласының мамандарына жүгінді. Оның басты себебі, жергілікті жерлерде дәрігерлер тапшы болып отыр. Біздің мамандар сырқаттарды тексеріп, облыстық, республикалық клиникаларға жолдамалар беруде. Одан өзге де маңызды мәселелерді қарастырамыз, – деді.IMG_6169
Иа, ауруына ем іздеген тұрғындарға бұл шара үлкен мүмкіндік берді. Мамандандырылған жолаушылар пойызына 72 медицина маманы мінген. Астана қаласының қантамыр хирургі Руслан Дүйсенбаевтың айтуынша, келген науқастарға  республикалық және ұлттық көлемдегі клиникаларға жолдама берілуде. Олар қаладағы №1 Емханада күні бойы жұмыс істейді. Қостанайлықтар ,әсіресе, кардиолог, эндокринолог, офтальмолог, онколог, ортопед-травмотолог мамандарға көптеп жүгінуде.
IMG_6176
            Сондай-ақ, Достық үйінде жергілікті этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еңбек ұжымдары және ЖОО студенттері қоғамдық қабылдауда болды. Медициналық, әлеуметтік, заң бойынша көмектер көрсетілді. Қала тұрғындары мен қонақтар көкейде жүрген көп сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
IMG_6192
         Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім және басқа сала бойынша жиындар өткізіліп жатыр. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының келе жатқанын естіген кей тұрғындар шалғай ауылдардан арнайы келген екен. Олардың дені ірі қара басын көбейту мәселелері, «Құлан», «Сыбаға» бағдарламаларына құжаттар дайындаудағы қиындықтар туралы айтты. Ал сала мамандары бұл мәселелермен нықтап айналысатынын жеткізді.   
         Пойыз 43 күнде 35 елді мекенді араламақ. Қалың бұқараның қамын ойлап, қордаланып қалған кейбір мәселелерді оңынан шешуді ойластырған республикалық акция желтоқсан айының 14-і күні Алматы қаласында түйінделеді.  
 
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓