Мың асқанға – бір тосқан
Қарабалық аудандық соты қарақшылық шабуыл жасау арқылы адам тонап, ұрлық жасаған деп айыпталған 35 жастағы Арман Жұмановқа қатысты қылмыстық істі қарады.
Өткен жылдың 23 қазанында Рудный қаласында тұратын танысының үйіне қонаққа барған А.Жұманов 10 бас қойды ұрлап кеткен. Хабарландыру бойынша мал сатып алушыларға хабарласқан Жұманов малдарды арзан бағаға сатып жібереді. Ұрлық малдан 120 000 теңге пайда тапқан Жұмановтың әрекетінен жәбірленушіге 300 000 теңге шығын келтірілген.
Арада бір ай өткен соң 25 қарашада Қарабалық ауданының Мағнай бекетінде болған сотталушы мас күйінде ауылдағы тұрғын үйлердің бірінің есігін қағады. Үй иесінің «бұл кім?» деген сауалына жауап бермегенімен әйел есікті ашқан. Үйге кірген Жұманов әйелді итеріп құлатып, мүгедектерге арналған арбада отырған үй иесін телефон сымдарын қыюға мәжбүрлейді. Жәбірленушілерді қорқытқан ол ақша талап етеді. Әйел оған 3 000 теңге мен алтын сақинасын береді. Мұны азсынған қылмыскер әйелдің алақаны мен маңдайын пышақпен жаралайды. Ал, жәбірленуші ілулі тұрған темір ожаумен Жұмановтың басынан соққы жасайды. Бұл әрекетке ызыланған қарақшы әйелді итеріп құлатып, мүгедек үй иесін пышақпен қорқытып, ақша талап етеді. Бұл уақытта далаға сытылып шыққан әйел барынша айғайлап көмек шақыра бастайды. Далада оны ұрып жығып тепкінің астына алған Жұманов көп ұзамай оқиға орнынан тайып тұрған.
Арада тағы бір ай өткен соң, 26 желтоқсанда А.Жұманов 2-ші Қостанай шағын ауданында азамат М.-мен танысады. Сөз арасында М. ұялы телефонын сатып, азық-түлік пен ішімдік алғысы келетінін айтады. Екеуі базарда телефонды сатып, сауда жасап М.-ның үйіне барады. М. жаңа танысын бұрынғы әріптесі ретінде жұбайымен таныстырады. Әйел күйеуі мен оның қонағына дастархан жайып, асын әзірлеп беріп, өзі шаруасымен кетеді. Арада біраз уақыт өткен соң ішімдіктері таусылған екеуі үйдегі газ баллонын сатып жіберген. Түн жарымда ерлі-зайыптылар жанжалдасып, Жұмановтың үйден кетуін талап етеді. Бұған ашуланған ол М.-ны соққыға жығып, әйелден ақша талап етеді. Үй иесі оған ұялы телефоны мен бар алтын бұйымын береді. Осылайша үй иелеріне 103 000 теңге материалдық шығын келтіріледі.
Қарабалық аудандық сотының үкімімен А.Жұманов ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі 3-тармағы, 192-бабы 2-бөлігі 3,4-тармағы, 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша айыпты деп танылып, оған жалпы тәртіптегі колонияда 7 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қ.Оспанова