Түбі бәрі кеш боларын ойлайық
Жатақханалас құрбыларымның бөлмесіне бардым. Біраз ананы-мынаны айтып отырғанбыз, әңгімеден әңгіме туып, ата-анам жайлы ұзағырақ баяндап кетіппін, әрі ауылға да қайтатын уақыт жақындаған болатын. Содан әлгі құрбыларыма олардың бізді асыға күтіп жүргенін, өзімнің де ауылға кеткім келгені жайлы сөз етудемін. Онымен қоймай сұхбаттасымның да әке-шешесі жайлы сұрай беріппін. Ал ол болса жай басын изеп, күліп қана менің сұрақтарыма жауап қатуда. Жанындағы құрбысы аяғымды шымшылап қояды, ''ымды түсінбеген, дымды түсінбейді'' демей ме? Соншалықты ақымақ болғаным ба, әлде үйдегілерді сағынғанымнан ба – әйтеуір қояр емеспін. Аңқылдақ болған осы… Не керек, әңгіменің қызуы басылмай, құрбымның бөлмесінен әзер тарқастық. Арада бірнеше күн өтті. Сабақты аяқтап, "үй, қайдасың?" деп жолға шықтық. Қызығы, әлгі құрбыларыммен бір вагонға түсіп қалған екенбіз. Жақсы ғой… Бірге тамақтанып отырмыз, ал мен ақымақ тағы оған оқыстан: ''мама-папаң сені асығып күтіп отырған шығар'' деп әңгіме ауанын ескі арнаға бұрдым (ол қыз сымбатты, мінезі де көркем болатын). Бір кезде ол қыз бізге шай әкелуге кетті, сол сәтті пайдаланып, құрбысы маған оның ата-анасының осыдан біраз жыл бұрын дүниеден өткендігін айтты. Сол сәтте тап бір ток ұрғандай селк еттім. Жүрегім шымырлап, көзім шыныланып, әлдебір өксік тамағыма кеп тірелді де, мелшидім де қалдым. (Әрине оған ештеңе білдіргенім жоқ, бар күшімді салдым). Екіншілей ол тақырыпқа жоламауды шештім. Түн ұзаққа отырудан шаршап, бәріміз өз орнымызға жатуға кеттік. Қайдағы ұйқы маған? Санамды сансыз ойлар торуылдап, жанарыма жас тығыла берді, тығыла берді. Бір жағынан манағы айтқан сөздеріме, білместікпен қойған сұрақтарыма ұялдым, бір жағынан анам мен әкемнің көзі тірі болғанына Аллаға шүкіршілік айтудамын. Дәл қазір жанымда болмаса да, өмірде барына, күнде көзіммен көрмесем де, телефоннан еміренген дауыстарын еститініме қуанудамын. Қателіктің өзі көп нәрсені түзейді кейде. Ағаттықтан алар сабақ көп. Басымнан өткен осы оқиға маған 3 нәрсені түсіндірді: әуелі мән-жайды білмей, адамды толық танымай тұрып беталды сөйлемеу керек, екіншіден, өзекті пендеге бір өлім болары хақ, сондықтан ата-анамды тірі кезінде бағалай білуім керектігін ұғына түстім, үшіншіден, жетімдердің жағдайын ойладым, себебі ата-аналары жанында болмақ түгілі, олардың қандай екенін елестете алмаудан, білмеуден асқан қандай қасірет бар десеңізші! Достарым, ата-ананың қадіріне жетейікші! Екі дүниенің жақсылығына кенелудің жолы сол ғана емес пе. Жәннәтқа жолдама алу да, тозақтық болуымыз да өз қолымызда. Сондай-ақ, жетімін жылатпаған халықтың ұрпағымыз. Ал жаутаңкөздеріміздің шетел асуы барып тұрған тасжүректік емес пе! Хадисте "Кімде-кім жетімнің басын сипаса, басында қанша шаш болса, сонша сауапқа кенеледі'' дейді. Барлығымыз ізгілікпен тыныстап, әр күніміз жақсылықпен өтетін болсыншы, ата-ананың алғысын алып, қамкөңіл жетімдерді жылатпаудың амалын қылайықшы! Себебі, біз о дүниеге өзімізбен бірге тек амалдарымызды ғана әкете аламыз.
Шынайы,таза көңіліңмен жазыпсың,Айдана! Осылай жүректегі лүпілді қағазға түсіре бер!