Таңсұлу

(әңгіме)
 
Қостанай қаласы бүгін ерекше құлпыра түскендей. Көктемнің жайма шуақ кезінде орталықтағы саябақ өзгерек күйге енеді. Мұндағы жаңа бүршік атып келе жатқан алма ағаштарындағы әппақ гүлдердің хош иісі мұрын жарады. Осынау әсем көріністі тамашалауды, ерекше сезімге бөленуді күнделікті әдетке айналдырған Таңсұлу тағы да саябаққа келді. Жан серігіне айналған қолындағы кітабын өзінен бір елі қалдырмайды. Алайда, әдеттегідей көңілі солыңқы, қалың ойға батады да отырады.
Менің мекенжайым сол саябақтың маңайында орналасқан қоңырқай, көмескілеу тартқан бес қабатты үйдің бірі. Таңертең ертесімен тұрып жұмысқа бару үшін сол саябақты қақ жарып өтемін. Сонда үнемі қолында кітабы бар, шашы иығынан төгілген, сұңғақ бойлы, шілтерден тоқылған аппақ көйлекті аруды көремін. Жаңа пәтерге көшіп келгелі бері, жаңа көше, жаңа жолмен жүретін болғандықтан мұндағы адамдардың өмірі маған қызық көрінетін…Без названия
Әлі есімде, Таңсұлу екеуіміздің таныстығымыз ерекше басталған еді. Ол уақытта мен құрбыларыммен үлкен-үлкен ала сөмкелерге толған жүктерімізді жинақтап, жаңа үйге көшіп келген едік. Ертесімен жұмысқа бару керек. Дегенмен, қаланың кейбір жаттанды жерлерімен ғана таныс мен жаңа үйден жұмысыма дейінгі жолды жобалап қана білетінмін. Сөйтіп, жұмысыма кешікпеу мақсатында үйден біршама ертерек тұрып, діттеген жеріме апаратын оңай бағытты қарастырумен келдім. Жаңа баспанамнан біршама алыстап, ұзын-сонар жолға түстім де, бағдаршамнан өтіп, орталық саябаққа келдім. Одан әрі қарай қай жолмен жүру керектігін білмеймін. Енді сол дұрыс бағытты нұсқар бір жан табылып қалар ма деген ниетпен жан-жағыма қарағыштай бердім. Айнала тым-тырыс. Тек жол-жөнекей өткен көліктердің, мұндағы бүршік атып жатқан гүлдердің балын сорып жүрген аралардың ызыңы және тамылжыта ән салған құстардың дыбысы ғана естіледі. Үмітімді үзбей, саябақтың шығар қақпасына қарай беттеп келемін. Бір уақытта жақыннан қыз баланың күлкісін естідім. Байқап қарасам, ағаштардың қалың жапырақтары көлеңкелей түскен кішкене қуыстағы орындықта бір ару отыр. Өзі қолындағы кітапқа қарап мәз-мейрам болып күлуде. Сырттай қарап, соншалықты көз алмай қарайтындай, осы аруды мұндай қуанышқа бөлеген анау кітапта не жазылған екен деген ой да келді. Алайда, менің оған жақындауымның себебі біреу-ақ. Ол өзім іздеген жерге дұрыс жолды анықтау болатын. Менің оған қарай келе жатқанымды байқамаса керек, «кешіріңіз» деген сөзімнен қыз селк етті.
– Кешіріңіз, тоғыз қабатты «Темірбанк» ғимаратына апаратын дұрыс жолды көрсетіп жібересіз бе? – дедім мен оған жақындағанымның басты себебін түсіндіріп.
– Әрине, осылай тура жүріп бағдаршамнан өтесіз, сосын солға бұрылсаңыз сіз іздеген қызыл ғимарат бірден көріне кетеді, – деп қолымен нұсқап, қыз дұрыс бағытты айтуда.
– Рахмет! – деп кетіп бара жатып, сұрағыма бірден күлімдеп жауабын берген арудың есімін білгім келіп, атын сұрадым. Өзі сияқты, аты да ерекше екен. Таңсұлу…
Жұмысқа асыққандықтан Таңсұлумен сөйлесуге мүмкіндігім болмады. Менен бірнеше жасқа кіші екендігін бірден байқадым. Үйдің кенжесі болғандықтан артынан ерген іні-сіңілілері бар ұл-қыздарды көргенде қатты қызығушы едім. Бүгін де сол әдетіме басып, жол бойы осындай сіңілім болғанда ғой деп іштей армандап келемін. Міне, осылай күнделікті әдетпен Таңсұлу көрсеткен жолмен жұмысқа барамын. Және сол баяғы қуыстағы орындықта кітап оқып отырған Таңсұлуды көремін. Дегенмен, ол үнемі кітабынан көз алмай отырады да қояды. Қанша жерден сыр тартып сөйлеспекке бел бусам да, мүмкіндік болмай жай әншейін өте шығатынмын. Бір жағынан жұмысыма кешігіп қалудан қорықсам, екінші жағынан кітаптан бас алмайтын оған кедергі келтіргім келмеді…
Бүгін жексенбі. Әйтеуір бір аптада жоспарланған барлық жұмыстарды ойдағыдай атқарған соң, кешке таман құрбыларымызбен саябақта серуендеп, бір жерге барып тамақтануды ойладық. Апта бойы орталық саябақтың қыр-сырын танып алғандықтан, қыздарға жол бастап өзім келемін. Өйткені, бұл жерді олар да дұрыс біле бермейді. Оқитын, жұмыс істейтін ғимараттары біздің үйден әріректе орналасқан. Кешкі салқынмен саябақ тіптен өзгешелене түседі екен. Адамдардың барлығы осында. Кейбіреулері жалғыз, кейбіреулері жұптарымен, құрбылармен, отбасыларымен қыдырып жүр. Дүңгіршектен әркім өзі қалаған балмұздақты сатып алып, сол жердегі орындыққа келіп жайғастық. Әркім жұмыс күндерін қалай өткізгендерін, қандай қызықтар немесе қиындықтар болғанын баяндауда. Әңгімеге құлақ түріп, өз ойыммен де бөлісе отырдым. Бізден біршама алыс, бірақ бізге қарама-қарсы орындықта ақ көйлек киген Таңсұлу көзіме түсті. Бұл жолы да жалғыз, бірақ қолында кітабы да жоқ. Өзінің алдында әкесімен ойнап жүрген жасы екілер шамасындағы қыздан көзін алар емес. Бастапқыда, танысы болар деп ойлаған едім. Алайда, олар Таңсұлудан алыстап кете берді. Сол сәтте-ақ оның сол бір кішкентай қыз бен әкесі арасындағы ыстық махаббатқа қызыға қарап отырғандығын аңғардым. Оны көрдім де, жанына жақындадым.
– Сәлем, Таңсұлу, қалың қалай? Алыстан көріп, сен бе, сен емес пе деп отыр едім, өзің екенсің ғой, – дедім жылы жүзбен жақын адамдарша кейіп танытып. Байқасам, көзіне жас алып, жабырқау отыр екен. Маған қарамай, көз жасын ақырын ғана көйлегінің жеңімен сүртті де күлімдеп қарады.
– Сәлеметсіз бе!? Қалым жақсы, өзіңіздікі ше? Жұмысыңызға адаспай барып жүрсіз бе? – деп көзіндегі жасты іркіп, өтірік жымиғандай болды.
– Иә, өзің көрсетіп бергенің жақсы болды… Неге жалғыз жүрсің? Бұл жолы кітабыңды да ала келмепсің, – деп сөзге тартумен болдым.
– Менің мұнда ешқандай жақын-жуығым жоқ. Өзім студентпін, құрбыларымның барлығы жазғы демалысқа үйлеріне кеткен. Мен болсам азын-аулақ ақша табайын деп жұмыс істеп, жатақханада тұрып жатырмын. Қалада жалғызсырап жүрген соң үнемі осы саябаққа келіп серуендеуді әдетке айналдырдым, – деді.
Бүгін мен Таңсұлуды өзге қырынан таныдым. Бұрыннан біліс адамдарша тіл табысып, сөйлесіп кеттік. Ананы-мынаны әңгімелеген соң ата-анасы жөнінде де сұрадым. Сол сәтте, жанды жеріне пышақ сұққандай болуым керек, манағы іркілген жас үзілген моншақтай сырғып жөнелді. Көзінен аққан жасты сілкіп жіберіп, әңгімесін бастады…
Үйге оралған соң, бірден төсекке құлай кетіп, Таңсұлудың айтқан әңгімесін есіме түсірдім. Екі сөзінің бірінде «Әке» деумен болды. Саябақта отырғанда ата-анасымен кетіп бара жатқан балаларды көріп қызығатынын да жасырмады. Әңгіме түсінікті болу үшін басынан бастайын…
Таңсұлу дүние есігін ашқаннан бері ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. Әжесі үйіне келетін бір аға-тәтені «мынау сенің анаң, мынау әкең» деп үйретіп қойған. Сол әжесінің берген тәлімі бойынша, үйге жылына бір келетін бейтаныс адамдарды «мама-папалап» жүріпті. Бірақ олардың өзіне деген еш ыстық ықыластырын байқамаған соң ол да аға-әпкені өзіне жақын тартпапты. Ата-әжесінің берген тәрбиесінің арқасында білімді, жан-жақты болып бойжетіп келе жатқан Таңсұлу әке-шешені іздемей, алаңсыз өмір сүрген. Бірде әжесінің өзінен тығып жүретін ескі сандықтың үстінде тұратын қара қобдишаға көзі түседі. Ақтарып қараса, іші толған ескі құжаттар, туу туралы куәлік. Ал сол құжаттардың астында төрт бұрыштап бүктелген бір қағаз жатыр. Ашып қараса, жоғары бөлігінде анық жазылған «Бала асырап алу туралы куәлік» деген жазуды көреді. Ойына ештеңе келмей, төменгі жағын оқи бастайды. Астында «Таңсұлу Ғауезованы асырап алу» деп көрсетілген. Аң-таң болған Таңсұлу: «Бұл қалай болғаны, менің әкемнің аты Мұрат емес пе, мына жердегі Ғауез деген кісі кім?» деп қалың ойға батады. Алайда, алтыншы сыныпта оқып жүрсе де бәрін бірден түсіне қоятын зерек қыз, мәселенің мәнісін бірден ұғады. Бұған дейін де бір құрбысымен ренжісіп қалғанда, әлгі : «Сен тіптен өз әкеңнің кім екенін де, қайдан шыққаныңды да білмейсің…» – деген болатын. Міне, сол кездегі жанына батқан сөздің ащы шындыққа айналғанын енді аңғарды. Көз жасын сүртіп тастап, еш алаңсыз өмір сүруін жалғастыра береді. Кейіннен ақырын сұрастыра келе, әке-шешем деп жүрген адамдардың өзінің аға-жеңгесі екенін, ал тәте деп жүрген адамы анасы екенін біледі. Дегенмен, қазір оның өз отбасы, балалары бар. Әжесінің айтуынша, Алматыға оқимын деп арман арқалап кеткен анасы сол жерде бір жігітпен танысқан. Ақыр аяғында оған алдынып қалып, жігіт оны алудан бас тартқан. Сөйтіп, Таңсұлудың мамасы өз үйіне оралған.
«Мені сол күннен бастап сан сұрақ мазалай бастады, – деді Таңсұлу. – Бір жағынан, "ол не деген қатыгез адам, бауыр еті баласынан бас тартатын?" деген сауал санамды сарсылтса, екінші жағыннан "жастықтың отымен жасаған қателігіне өкініп, мені іздеп жүр ме екен?" деген жылы ой да көкейге келеді. Кейде өз-өзімнен, некесіз туған бала болғандықтан, қатты жиіркенемін де. Жұрттың бәрі маған саусағын шошайтып қарайтындай… Ал анамның басқа отбасы бар. Мені керек те қылмайды. Қазіргі мен үшін маңыздысы – менің тегім қандай, әкем кім, қандай адам, тірі ме, өлі ме, басқа отбасы бар ма, жоқ па, бауырларым бар ма деген сияқты сан мыңдаған сауалға жауап іздеу», – деп тоқталды.
Келесі күні саябақта мен Таңсұлуды көрмедім. Жұмыстан қайтып келе жатсам, мені тосып тұр екен: «Әпке!» деп құшақтай алды.
– Сізбен сөйлескен соң жеңілдеп қалдым, – деп күлімдеді. – Мен ойлана келе Алматыға барайын деп шештім. Кешкі сегіздер шамасында отырамын, билетімді де алып қойдым, – деп әмиянындағы қызыл түсті қағазды көрсетті. – Білетін адамдардан аты-жөнін сұрастырдым, ата-әжемнің де баталарын алдым. Алматыда тұратын бір құрбым күтіп аламын деп уәде берді. Сіз еш уайымдамаңыз, мен қайтсем де «Әкемді» табамын! – деп жасаураған көзімен күлімдей берді.
Кешкі сағат сегізге он минуттай қалғанда теміржол бекетіне келдім. Бірақ, Таңсұлуды кездестіре алмадым. Екінші жолдағы Алматыға жол тартқан пойыз орнынан қозғалды. Сөйтсем, Таңсұлу қалып қоюдан қорқып вагонға ерте мініп алған екен. Оны пойыз орнынан ыңыранып қозғала бергенде байқадым. Екінші вагонның есігінен ақ көйлекті Таңсұлу маған қарап қол бұлғап бара жатты…
 
Ақбота Сақұлова

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓