Қорам – қымбат

Дипломды құшақтап, ауылға аттандым. Демалуға. «Төрт жыл тер төктім ғой». Сол кездегі арман-мақсатым тым биік-тін. Өзімнен, өремнен үлкен. Хош. Мен емес, ата-анам дипломды өздері алғандай қуанды. Расында да солай. Солардың еңбегі. Сөйтіп, аяқты аспанға асып, шалынар қоңырауды тостық. Бәрі сүйтеді емес пе?! «Көкесі» барлар көп күтпеді. Ал, мен уақытты умаждадым. Сағаттар сырғып, күндер кетті. Дипломның қызуы басылды. Құны қашты. кора
Жалқаулық – жанымның серігі. Жасырып қайтем оны? Бірде әкем: «Әкеңнің… қора сыла!» – деп, айқайды салды. Күн шыжып тұр. Жұмысқа «жіләнім жыбырламады». Сол істі сылтаумен бірнеше күнге создым. Бірақ, қора керек. Сылау керек. Өйтпесең, қабырғасы опырылып кетуі мүмкін. Өзімнен құлшыныс болмағасын әкем тағы да айқайға басты. Сондағы сөзі мынау: «Бұл қора – сені оқытқан қора. Қарындасың мен ініңді де оқытып жатыр. Бұл құласа – құрыдың. Оттамай, лай ез!». Шындық қой. Осы қорада әкем екеуміз  тер төктік.Тізімде інім де бар. Бұл қораның есігінен түліктер емес, теңгелер шықты. Күш-қуатыңды саласың, ақшаңды аласың. Түсіндім, ыждаһаттылықпен сыладым. 
Қазір шүкіршілік етемін. Жұмысым, табысым бар. Ата-анамның арқасы. Тура тоғыз күннен соң кезекті еңбек демалысына тағы шығамын, бұйыртса. Ауылға барамын. Әке-шешемнің амандығын біліп, мауқымды басқасын сүйікті ісіме кірісемін. Қорамды сылаймын. Жо-жоқ, сыламаймын-ау, сазбен сипаймын.
 
Азамат Нұғыманов,
"Қазақстан-Қостанай" ОТРК тілшісі

You may also like...

3 Responses

  1. Шыныбек Көпбосынов айтты:

    Біреудің ауылда қорасы бар, біреудің қалада қожасы бар

  2. Сара Жақсылық айтты:

    жақсы жазылған екен.

  3. Дана айтты:

    Ғибратты.Соңғы сөйлемі ерекше.Әй, жарайсыз.Жақсылық тілеймін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓