Қалқаман САРИН: «Ақындыққа ұстаздың керегі жоқ…»

Қаламыздың облыстық филармониясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән өнерінің майталман шебері Гүлмира Сарина өзінің шығармашылық кешін өткізген болатын. Кеш қонағы, әншінің туған інісі әрі өнердегі қолдаушысы, елімізге танымал ақын ағамыз Қалқаман Сарин да келген еді. Алаш жұртына танымал ақын ағамызбен сұхбаттасудың орайын таптық.
-Қостанайға шығармашылығынызбен алғаш келуіңіз екен. Қош келіпсіз!CSyq0tE9KDc
 -Иә, рахмет! Жалпы, қасиетті Қостанай жеріне келуімнің өзің құрмет деп білемін. Торғайдың тумаларының өзін тарихтан білеміз. Бұл кеш апамның шығармашылығына байланысты болғандықтан, сол кісінің шашбауын көтеріп, өлең-жырдан сый тартсам ба дедім.
-Бір сұхбатыңызда Республика аймақтарында өзіңіздің жеке шығармашылық кешінізді өткіземін деген екенсіз. Бұл жоспарыңызды қашан жүзеге асырмақ ойыңыз бар?
– Бұл жайында халық көп сұрайды. Әр жерден шақыртулар келіп, жеке кешіңізді ұйымдастырайық деген ұсыныстар да түсіп жатады. Бұндай кештерді ұйымдастыру үшін де белгілі бір белестерді бағындырып, тәжірибе жинақтау керек. Әншілер сияқты емес, ақындар жеке шығармашылық кешін ұйымдастыруға келгенде шамалы тосырқап қалады. Белгілі бір кітаптың тұсаукесері боп, сол орайда кеш ұйымдастырылса дұрыс. Атым шықты екен деп жалауыңды желбіретіп, ел-жұртты аралаған ақылға қонымсыз деп ойлаймын. Әзірге кеш ұйымдастыру жоспарда жоқ.
-Авторлық сайтыңыздың бар екенін білеміз. Сол сайтыңызды өзіңіз жүргізіп отырасыз ба, әлде көмекшілеріңіз бар ма?
-Жоқ, мен де көпшілік сияқты сырттан кіріп оқимын. Сайтты негізі жасаған Тимур Бектұр деген азамат еді. Өзі осы сайттың басы-қасында жүргендіктен, «интернет императоры» деген лақап ат қойған едім. Шығармашылығыма қызыққан қауым сол сайттан өлең-жырларыммен танысуына болады.
– Сіздің «Соңғы үміт» атты өлеңіңізге бір қыз ән жазып, орындап жүр екен. Осы орайда әнші-композиторлар сіздің авторлық құқығынызға қол сұғып жатқан жоқ па? Сіз өлеңдеріңізге заңсыз ән жазып жүргендерге қалай қарайсыз?
-Өнер халық үшін болғандықтан, елдің игілігіне жарап жатқаны жақсы ғой. Өлеңге ән жазып, орындаудың еш өрескелдігі жоқ деп ойлаймын. Әрі қандай өлеңіме ән жазылды деп, сонына түсіп, бақылап отыру мүмкін емес сияқты. Өлең әр авторды әрқалай тербейді. Мысалға «Қызыма» атты бір өлеңіме Бағлан Әбдірайымов, Құрмаш Махан, Бауыржан Омаров сияқты әншілеріміз ән жазған. Егер де авторлық құқығым бұзылар жағдай болса, онда тиісті органдар алдында жауапқа тартылары хақ.сарин
-Ақын ретіндегі ең басты миссияңыз, міндетіңіз не деп ойлайсыз?
-Қай заман болмасын ақындар ешқашан бейжай қалған емес. Әр уақыттың өзінің жырлары бар. Кешегі өткен Бұқар жырау, һакім Абай, Алаш қайраткерлерінің не қызмет атқарғаның өздеріңіз де білесіздер. Ызындап маса боп, халықтың санасын оятып, ұлтжандылыққа үндеп, адамгершілік пен имандылыққа шақырды. Аллаға шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіз елміз. Дегенмен ақындардың миссиясы бұынмен аяқталып қалды деген сөз емес. Қазірде қоғамда боп жатқан ала-құла дін мәселесі, тіл жайы туралы, ұлттық рухымызды, азаматтық ажарымызды айқындатар жырлар жазса, ақынның ең басты міндеті де, миссиясыда сол деп ойлаймын.
-Қазірде өлеңдеріңіз жастар арасында кеңінен танымал. Сіздің ізіңізден басып, шабытты жырларымен көзге түскен ақындар бар? Жалпы, сіз шәкірт тәрбиелейсіз бе?
– Күн сайын әр ауылда ақындар дүниеге келіп, әдебиет айдынына қосылып жатады. Ақындарды сонынан жетелеп, бірнәрсеге үйрете қою деген қате. Ақын тәрбиелеуге өзім тіксініп қараймын. Ақындыққа ұстаздың керегі жоқ. Себебі әр ақын өзінше ізденіп, талпыну керек. Ал егер өлеңіме ой-пікір қосып, бағыт-бағадар керек деген жастар болса өзіме шәкірт қылып алуға дайынмын. Мен жастайымнан қазіргі көзі тірі ақындардың бүкіл еңбектерін оқып, өзіме қажет дегендерін бойыма жинақтадым. Алдыңғы буын соңғы буынға ұстаздық етіп, бір-біріне қарайласып жүрсе ғана әдебиет шарықтар деген ойдамын.
– Ұтымды ой, тұшымды пікір айтып, сұхбатқа уақыт бөлгенініз үшін рахмет!
 
Сара Жақсылық, ҚМПИ-нің 1-курс студенті

 

You may also like...

4 Responses

  1. Манарбек айтты:

    Қалқаманды ақын есебінде жақсы білеміз, құрметтейміз. Мені таң қалдырғаны шынашақтай қыздың ой-өрісі, сұхбаттасушыдан шым-шымдап сыр тартуы. Жаттанды сұрақтар мен жаттанды жауаптарды тізбектемей, әңгімеге өзге қырынан келуді жөн көріпті. Осылайша, Қалқаманды,басқа қырынан көрсетуге тырысқан. Жақсы сұхбат шығыпты. Керемет. Талабың таудай екен, Сара. Осы бетіңнен таймай, мәнді мақалаларыңмен қуанта бер.

  2. Дана айтты:

    Демек, талантты қыз. Тіфә-тіфәні ұмытпасақ екен.

  3. Тугел Айдана айтты:

    Талабыңа нұр жаусын. Молодец!

  4. Сара айтты:

    Рахмет, Айдана.)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓