Өмір 5 жасқа ұзарды
1991 жылы қазақстандықтардың орташа өмiр сүру ұзақтығы 67 жас болған. Тәуелсіздік жылдары бұл көрсеткiш 72 жасқа артты. Бұл туралы «Денсаулық» бағдарламасының жүзеге асырылуы талқыланып жатқан үкiмет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев айтты, хабарлайды BNews.kz.
Үкiмет басшысы айтып өткендей, Тәуелсiздiк жылдары елiмiзде мемлекет қаражаты есебiнен 1300-ден астам жаңа денсаулық сақтау нысаны iске қосылды. Бұған қоса биылғы жылдың соңына дейiн 350-ге жуық емхана, амбулатория салу жоспарланып отыр.
«Елбасының тапсырмасы бойынша барлық облыстарда кардиохирургия бөлiмдерiнiң желiсi ашылды. Астанада медициналық кластер iске қосылды. Осылайша, елiмiзде жүрекке, миға бұрын-соңды болмаған операциялар жасала бастады. Осының нәтижесiнде бүгiнде бiзге шетелден науқастар емделуге келедi. Соңғы 8 айдың қорытындысы бойынша, елiмiзде 7,5 мыңнан астам шетелдiк азамат емделдi, – дедi Б.Сағынтаев. – 25 жылда халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 5 жасқа ұлғайды. Ана өлiмi 5 есеге, бала өлiмi 3 есеге азайып отыр. Осы жұмыстарды әрi қарай дамыту мақсатында елiмiзде «Денсаулық» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр».