Индустрияның өрісі кеңейеді
Кеше хабарлағанымыздай, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин Қостанайдағы машина құрастыратын «СарыАрқаАвтоПром» АҚ-ында болып, ондағы өндіріс барысымен егжей-тегжейлі танысты. «AllurGroup» автокөлік компаниясы Тобы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев вице-премьерге кәсіпорынның өндірістік желілерін жаңғырту жоспары туралы баяндады.
2016 жылдың қортындысына сәйкес өңірде көлік құрастыру өткен жылмен салыстырғанда 40%-ке өскен. Қазіргі таңда қытайлық әріптестерімен бірге шығарып жатқан үш бірдей JAC моделін айналымдық жүйемен жинау қолға алынды.Алдағы уақытта «УзАвто» маркасының жеңіл және жүк көліктерін құрастыру жоспарланып отыр.
Ал «АгромашХолдинг» өндіріс алаңында жылына 320 шақты комбайн құрастыру көзделген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 39%-ке көп. Бірлескен «КазБелМаш» («АгромашХолдинг» АҚ және и «Гомсельмаш») кәсіпорынының аясында келесі жылы комбайндар санын 510-ға жеткізу жоспарланыпты.
Жалпы, бізде құрастырылып жатқан қай көліктің де 50% бөлшектері өзімізде шығарылады. Ол үшін алдағы күндері индустриалдық аймақтан қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорын орналасатын болады.
Вице-премьер инстуриаландыру картасы аясында жүзеге асқан «ЕвразКаспианСталь» зауытының жұмысымен де танысты. Бұдан соң Үкімет басшысының орынбасары жүйелік үлгідегі кәсіпорындарды дамыту мен оның кейбір түйткілді мәселелерін шешу үшін келелі кеңес өткізді.
Онда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірді дамытудың 10 айдағы көрсеткіштері туралы мәлімет берді. Аймақ басшысы осы мерзім аралығында жан басына шаққандағы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 100%-ке, негізгі капиталға салынған инвестиция – 101,4%-ке, бөлшек сауда көлемі 100,9%-ке артқанын баяндап берді.
А.Мұхамбетов индустриаландыру картасының Тобыл өңірінде қалай жүзеге асып жатқандығын нақты көрсеткіштермен саралап берді. Әсіресе, өнім өңдеу, машина құрылысы және ауылшаруашылық өнімдерін өндіру барысында ілкімділік басым.
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин біздің облысқа жасаған іс-сапарын қорытындылай келе мемлекет басшысының тапсырған міндеттерін орындаудың маңыздылығына тоқталды. Былайша айтқанда, жоспарланған макроэкономикалық көрсеткіштерді, жүйелік үлгідегі сектордың өсімін қамтамасыз ету қажет.
-Қостанай облысы соңғы жылдары аграрлы аймақ ретінде қарқынды дамыса, енді аграрлы-индустриалды аймаққа айналды. Облыс үлкен экспорттық маңызға ие. Соған сәйкес өңірлік құрылымдарды әртараптандыру мен оның экспорттық әлеуетін арттыруды жалғастыра түсу қажет,-деп атап өтті Асқар Мамин.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ