Нақты нәтиже керек
Жергілікті тауар өндірушілерді тұрақты дамыту және ішкі нарықты отандық тауарлармен барынша қамтамасыз ету Мемлекет басшысының ерекше назарында. Оны жүзеге асыруға арналған «Қарапайым заттар экономикасы» салалық бағдарламасы шағын және орта бизнесті дамытуда айрықша серпін берері сөзсіз. Бағдарламаны іске асыру мақұлданған жобалар мен игерілген сома негізінде қалыптасады. Республика бойынша біздің облыс бұл рейтингте 11-ші орында тұр.
Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Олжас Сапарбековтың айтуынша, бүгінде 35 млрд. теңгеге бағаланған 97 жоба өтініш білдірген. Оның ішінде 9,3 млрд. теңге сомасына 30 жоба мақұлданды.
-Өтініш берушілердің мәліметтері бойынша 30 жобаны іске асыру 400-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Мұның сыртында қаржы институттарында 923,5 млн.теңге сомасына 7 жоба қаралып жатыр. Қалған 60 жобаны басқарма өңірлік Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әр жобаны жеке пысықтайды,-дейді басқарма басшысы.
Жоғарыда айтылған 97 жобаның 75% – і немесе 72 жоба агроөнеркәсіптік кешенге, 9 жоба – құрылыс материалдарын өндіруге, 6 – жеңіл, 3 – жиһаз өнеркәсібіне, 3 – білім беруге және 4-басқа қызмет түрлеріне (өңдеу, қауіпсіз қалдықтарды жою, велосипедтер, мүгедектер арбаларын/креслоларын өндіру және т.б.) тиесілі. Өкінішке қарай, кейбір аудандар мен қалалар шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту ісіне немқұрайлы қарайтын сыңайлы. Белсенділік төмен. Мәселен, жекелеген өңірлер бірде-бір жоба ұсынбаған. Облыс орталығының өзінде бұл көрсеткіш 1% – ке тең. Өнеркәсіп кешендерінің басым бөлігі Қостанайда шоғырланғанын ескерсек, бұл өте төмен көрсеткіш екенін көруге болады. Сондай-ақ, Жітіқара, Ұзынкөл, Қарасу, Денисов, Меңдіқара, Жангелдин аудандары және Лисаков қаласы сияқты облыстың жеті өңірі бірде-бір жоба ұсынбаған.
-Көп жағдайда, бағдарлама тетіктері дұрыс түсіндірілмейді. Құжат жинауда бірізділік жоқ. Мәселен, әрбір өтінімді мұқият өңдеу қажет. Кейбір жобалар түрлі себептермен қаржы институттарына жете алмайды. Негізгі себеп – кепілге қоятын мүліктің болмауы кері әсерін тигізіп жатады. Кепілді қамтамасыз етудің болмауы, несие тарихының нашарлығы – банкте өтінімді қарау кезінде маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ теңгелік өтімділік бағдарламасына қатысуға бастапқыда мәлімделген жобалар нәтижесінде басқа бағдарламалар (БЖК, Даму-Өндіріс) бойынша кредиттеледі. Бағдарламаны іске асыру бөлігінде проблемалық мәселелер бойынша кеңестер өңірлердің әкімдіктерімен, сондай-ақ Екінші деңгейдегі банктердің өкілдерімен, қаржы институттарымен тұрақты негізде өткізіліп отырғандығын атап өткен жөн,-деді Олжас Сапарбеков.
Өткен жылы желтоқсан айында барлық өңір әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізілді. Онда облыс әкімінің орынбасары Ерлан Қойшыбаев әрбір жоба бойынша нақты талдау жүргізуді, проблемаларды анықтауды және әлеуетті қатысушыларды тарту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Алайда, бұдан әлі күнге дейін нақты қорытынды шығарылмаған. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы да бұл ретте ширақтық таныта алмай отыр.
-Республика бойынша он бірінші орын дегеніңіз – біздің өңір үшін қолайсыз. Бұл жерде кей өңірлердің кежегеден киін тартуы маңызды рөл атқарып отыр деп есептеймін. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасының орындалу барысы да көңіл көншітпейді. Жергілікті әкімдер жеткілікті деңгейде жұмыс істемейді. Жоғарыдан нұсқау күтіп отырудың қажеті жоқ. Бізге нақты нәтиже қажет. Сондықтан, аудан әкімдеріне бір апта уақыт беремін. Шұғыл түрде жинын өткізіп, осы мәселені талқылаңыздар,-деді өңір басшысы.
Айта кету керек, облыста 1,5 трлн.теңгеге бағаланған 37 инвестициялық жоба белсенді пысықталып жатыр.Оның ішінде 165,4 млрд. теңге сомасына 12 жоба импорт алмастыруға бағытталған. Кеңес қорытындысында облыс әкімі аудан және қала басшыларына қатысушыларды тарту жұмысын жандардыруды, ақпараттық – түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, облыстың жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарымен нүктелік жұмыс жүргізу тапсырды.
Әлібек ЫБЫРАЙ