Жас жұлдыздар жарқырайды
«Алтын микрофон» халықаралық байқауының жеңімпаздары анықталды. Талантты жастар байқауы осымен 13 жыл қатарымен өткізіліп келеді. Өнерлі балалар сынына Болгария, Эстония, Қырғызстан, Әзірбайжан және Ресей мен Белорусиядан жас әншілер келді. «Алтын микрофонды» үшін 75 қатысушы өзара таласқа түсті.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне облыс әкімі Нұралы Садуақасов қатысты. Бас жүлдені, яғни 300 мың теңге көлеміндегі сыйақыны Алматы қаласынан келген 11-жасар Әсет Балғазинге сыйлады.
– «Алтын микрофон» байқауы жас таланттардың өнер жолына басқан үлкен бір қадамы. Қостанай сахнасында жаңа жұлдыздарды жандыратын байқау. Сондықтан жастар өнеріне әрқашан ден қойып, қолдау көрсетеміз, – деді өңір басшысы.
«Алтын микрофон» иегері Әсет Балғазиннің әуез студиясына барып жүргеніне 2 жыл ғана болыпты. Аз уақыт ішінде ол «Бозторгай» халықаралық байқауының лауреаты атанған. Сонымен қатар Чехия мен Латвияда өткен өнер сындарынан сүрінбей өтіп, үздіктер қатарынан көрінген. Қостанай сахнасында Әсет Андреа Бочелидің ұлы туындысын орындап, көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Бірінші орынды Иван Гайдаров (Болгария), Айару Жүсіпбекова (Арқалық қ.), «Продленка» тобы (Челябі қ.) жеңіп алды.
Екінші орынды қостанайлық Рамина Сармырзина, Әлия Намиәлиева, Анна Тесленко, Әділ Нұрышев және Анел Смаилова (Астана қ.) қанжығасына байлады.
Қола жүлдені Малика Смагұлова (Астана қ.), Анжелика Муратова (Әзірбайжан), Екатерина Ковальчук (Әулиекөл ауданы), Елдар Ахметбеков (Қостанай қ.), Ярина Алексеева (Белорусия) және «Бионик» тобы (Астана қ.) иеленді.
Барлық жеңімпаздарға бағалы сылықтар тарту етілді. Сонымен қоса балалардан құралған әділқазылар алқасының шешімімен лауареат атанғандар да сый-құрметсіз қалған жоқ.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Облыстық ардагерлер кеңесімен де арнайы сыйақы тағайындалған болатын. Оны әйгілі «Әлия» әнін орындап, жиналғандарды тебіренткен Томирис Бекмырзина (Астана қ.) иеленді.
Махаббат Бекбай
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков