Халықаралық турнирді бағындырды
Ресейдің Стерлитамак қаласында шайбалы хоккейден 2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы «Ice Game» Халықаралық турнирі өтті. Рудныйлық "Горняк-2009" доптаяқшылары бес бірдей команданы артқа тастап, мұз алаңынан жеңімпаз болып шықты.
"Горняк-2009" командасының бас бапкері П.Филипенконың айтуынша, дәстүрлі Халықаралық турнирге қатысуға стерилтамактық "Орлан" командасының бапкері ұсыныс жасаған. Бұл кездейсоқтық емес еді. Рудныйлық жас хоккейшілер бұған дейін де бірнеше осы деңгейлес жарыстарда жарқырай көрініп, мықты бәсекелес екендіктерін танытқан.
Биыл «Ice Game» кубогын 6 команда сарапқа салды: «Орлан» (Стерлитамак), «Металлург» (Магнитогор), «Нефтяник» (Альметьев), «Сарматтар» (Орынбор), «Юрматы-СКА» (Салават) және «Горняк-2009» (Рудный).
Жарыс қазанның 28-30-ы аралығында өтті. Сондықтан да командаларға қауырт кесте бойынша ойнауға тура келді. Жерлестеріміз әуелі «Юрматы-СКА» командасын 18:1 есебімен жеңді. Алаң иелері – "Орлан" да рудныйлықтардан айла асыра алмады. Есеп – 11:3. "Металлург" мықтылары да 7:1 ұпай айырмашылығымен тізе бүкті. Турнирдің соңғы күні "Горняк-2009" орынборлық "Сарматтармен" таяқ айқастырысты. Ойын нәтижесі турнир куәгерлерін таң-тамаша етті: 23:2! Талассыз бірінші орын!
Турнирдің үздік шабуылшысы болып 41 ұпай жинаған (29+12) Илья Коломыцев танылса, Богдан Шакуров "Үздік қорғаушы" аталымына ие болды. Екеуі де "Горняк-2009" командасының озат ойыншылары.