Жасөспірімді көлік қақты
Күні кеше облыста жол-көлік оқиғаларының салдарынан төрт адам зардап шекті. Бұл мәліметті облыстық ІІД баспасөз қызметі растап отыр.
31 қазанда сағат 8.00-де Қайырбеков көшесімен "Солнечный" супермаркетінің жанында Көкшетау қаласының 47 жастағы тұрғыны "ВАЗ 210" көлігін жүргізіп келе жатып, 16 жастағы қостанайлықты қағып кеткен. Ол жарақаттар алып, ауруханаға жеткізілген. Сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр.
Тағы бір оқыс оқиға туралы 102 нөміріне куәгер хабарласып, айтып берген. Әйел адам бағдаршамның рұқсат етілген түсіне өтіп келе жатқан баланы Audi жүргізушісі қағып кеткені жөнінде хабарлаған. Оқиға Қостанай қаласының Гоголь мен Баймағамбетов көшелерінің қиылысында болған. Әйел адам баланы қаққан адамның көлігінің нөмірін жазып алған. Қостанай облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі жүргізушінің ұсталғанын хабарлады. Жүргізуші әкімшілік жазаға тартылады. Баланың денсаулығына зақым келмеді.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы Арқалық қаласында да болған. 31 қазанда 19 жастағы жігіт полицияға келіп, таңғы 7.00-де Абай даңғылының бойында жаяу жүргіншіге арналған жолда өзін "ВАЗ 2170" көлігі қағып кеткенін айтқан. Тізгінде 60 жастағы жүргізушінің болғаны анықталған. Жігіт қатты зардап шекпеген.
Жітіқарада 25 жастағы мотоциклші жаяу жүргіншіге арналған жолда 39 жастағы әйелді қағып кеткен. Әйел адамның басына зақым келген. Тергеу шаралары жүріп жатыр.
Kaz.tengrinews.kz сайтынан