Жемқорлардан 55 млн теңге өндірілді
Ағымдағы жылдың басынан облыс прокуратурасы жемқорлық қылмыстары бойынша 34 қылмыстық істе айыптауды қолдады. Мұндай істер бойынша айыппұл түріндегі жаза жиірек берілетін болды.
Жаңа Қылмыстық кодексте енгізілген жаңашылдық – жемқорлық туралы баптарда (пара алу, беру, оған делдал болу) айыппұл түріндегі қылмыстық жазаның мөлшері алынған пара сомасына немесе көлеміне еселеніп беріледі.
Мысалы, Октябрь селолық округінің әкімі Т.Е. Рымбаев 1 700 АҚШ доллары көлемінде пара алғаны үшін, параның 60-есе көбейтілген сомасы көлемінде, яғни 31 368 060 теңге айыппұл төлеуге жазаланды. Сонымен қатар, ол өмір бойы жергілікті атқару органының өкілі қызметін, ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық қызметті атқару құқынан айырылды. Мұндай жазаға селолық округтің әкімі азамат С-қа жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесін заңсыз пайдалануға бергені үшін кесілді. Бүгінгі таңда айыппұл толық көлемде төленді.
Барлығы ағымдағы жылдың басынан 70 млн. теңге сомасына айыппұл тағайындалды, оның 55 млн. теңгесі өндіріп алынды.