Жанармайдың таусылмас жыры

Еліміздің энергетика министрлігінің мәлімдеуінше,  алдағы уақытта жанар-жағар май тапшылығы болмауы тиіс. «Қазақпарат» агенттігі арқылы таратқан хабарламасында ведомство кең таралымды АИ-92 октанды бензиннің 125-127 теңгеден саудаланып жатқандығын айтады. Дизель отынының бағасы – 129 теңге.бензин
«Қазан айының басында дизель отынының қоры 90 мың тонна болған еді. Бар болғаны бір айдың көлемінде оның көлемі айтарлықтай көбейтілді. 25 қазандағы көрсеткішке көз жүгіртер болсақ: АИ-92-93 октанды бензиннің қоры 133 мың тонна, дизель отыны – 126 мың тонна. Еліміздегі мазутпен жылытылатын әлеуметтік-өндіріс ошақтарына 342 мың тонна өнім қажет. Қазіргі уақытта оның қоры да толығымен жасалды», – дейді вице-министр Мағзұм Мырзағалиев.
Көрші елмен қоңсылас орналасқан Қостанай облысына ғана емес, еліміздің өзге де аймақтарына Ресейдегі бағаның ықпал етері жасырын емес. Еуразиялық экономикалық одақ болғандықтан, ондағы бензин бағасы – бізге де әсер етеді. Өңіріміздегі барлық жағар май құю бекеттеріндегі бензин бағасы министрлік айтқандай тұрақты. Тек, ресейлік өнімді саудалайтын нысандарда ғана көлік иелеріне кеңінен танымал АИ-92 октанды жағар май 129 теңгеден сатылады. «Гелиос», «Эталлон» ЖҚС баға осындай. Ал «Мұнай өнімдерінде» ресейлік АИ-92 «К-5» маркасы 135 теңгеден саудаланып жатыр.
Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап, Ресей Федерациясында бензин акцизінің құны көтерілген болатын. Осыған сай, бесінші классты бензин (біздіңше АИ-92) – 11 теңгеге, дизель отыны – 5,5 теңгеге жоғарылады. Әлемдік деңгейде мұнайды шектеп өндіру келісімі мен Ресейге жасалып отырған қаржылық қысым жығылғанға жұдырықтай тиіп,  елдегі  шикізат, тауар бағасының көтерілуіне ерік берді. Тек, мемлекеттік бақылаудың нәтижесінде ғана маңызды деген өнімдердің бағасын бұғаулау мүмкін болуда. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, күзгі жиын-терін мен қысқа әзірліктен кейін бірқатар өнім түрлерінің (оның ішінде жағар май да бар) құны сыртқы әсерге сай көтерілуі тиіс. 
Мұнай өңдеу зауыттарының жыртық-тесігін жылда жырға айналдырып жүрген қазақстандық кәсіпорындар үшін, көрші елдегі баға қозғалысы – бұлтартпас сылтау болары сөзсіз. Қазірдің өзінде, Оңтүстік-Қазақстан облысында жағар май өзге аймақтармен салыстырғанда 2-3 теңгеге болса да қымбатырақ сатылуда. Билік басындағылар мұны Шымкент мұнай өңдеу зауытының ағымдағы жөндеуге жабылуымен түсіндірді. «Жалғыз Павлодар зауыты елімізді жағар маймен толықтай қамтамасыз етуге қауқарсыз. Сондықтан да, көрші елден өнім алуға тура келген. Ал Ресейдегі бағаның біздікінен әлде-қайда жоғары екені белгілі. Баға осындай себептермен көтерілді» – деген ақпарат таратқан еді сол кезде «Жанар-Жағармай» заңды тұлғалар ассоциациясының төрағасы Қайыпбек Қамбаров.
Араға ай салмай, мұнай өңдеу зауыты жұмысын жандандырды. Енді, келер жылдың дәл осы мезгіліне дейін тоқтамауы тиіс. Отандық кәсіпорындар ағымдағы жөндеуден өтіп, жаңартылып,   мұнай өнімдері қорын күнде көбейтіп жатқанына қарамастан, баға сол күйінде қалды, бір тиынға да кеміген жоқ. «Оқыс жағдай болмаса, өспеуі де тиіс» дейді мамандар. Ендеше, заманауи технологиялармен қамтылған зауытымызға зақым тимесін деп тілейік…
 
Жұматай Кәкімжанов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓