Қостанайда полициялар азаптаған ер адам көзінен айырылды

Астана тұрғыны есірткі сақтағаны үшін 7 жылға сотталған еді. Кейін оның жасамаған қылмысты ауыр азаптаудан соң амалсыз мойнына алғаны анықталды.
Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 30 маусымдағы үкімімен елордалық азамат ірі көлемде есірткі және психотроптық заттарды сату мақсатында сақтағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Артынан ол және оның қорғаушылары апелляциялық шағым берді.
«Іс бойынша оны сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында полиция қызметкерлері азаптап, дене жарақатын салған. Ол соның салдарынан бір көзі көрмей қалғанын мәлімдеді. Анықталған деректер ескеріле отырып, құзырлы органдардың тергеу барысында халықаралық стандарттарда талап етілетін іс-шараларды қолданбағаны, хаттамалардың ҚІЖ кодексіне қайшы екені дәлелденді. Апелляциялық шағым бойынша ҚР ҚК 297-бабының 2-бөлігі бойынша кінәсіз деп танылып, қылмыс жасамағаны айқындалды», – дейді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Алқа астаналыққа үкім шығарған бірінші сатыдағы соттың үкімімен келіспей, оның күшін жойып, жаңадан ақтау үкімін шығарған.
Сот алқасы шағымданушы құқықтарының өрескел бұзылғанын атап өтті. Нақтысында, ауыр дене жарақатын алу салдарынан оның сол көзі көрмей қалған, көлігіне нұқсан келген. Сондай-ақ, автокөлікті тінтуден кейін оның жеке заттары ұрланыпты. Одан тәркіленген ұялы телефонды полиция қызметкерлері иемденіп алған.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓