Атажұртын аңсап жеткен азамат
Жуырда Астана қаласындағы ұлттық академиялық кітапханада жас ақын Мұқият Қойшыбайұлының тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері өткен еді. Араға апта салып шағын кітаптың таныстырылымы Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ұйымдастырылды. Елордада бастау алған әдемі кештің Тобыл өңірінде жалғасын табуы бекер емес. Тобыл-Торғай даласы Мұқият ақынның шыңдалып, қанатының қатаюуына себеп болған аймақ. Талай бәйгелерге де осы өңірдің атынан қатысты және облыстық кітапхана жанындағы «Ақ қауырсын» клубының мүшесі.
Мұқият Қойшыбайұлы 1984 жылы 2 маусым күні Қытай халық республикасы, Іле қазақ облысы, Текес ауданының Үлкенқұштай ауылында өмір есігін ашқан. 2005 жылы атажұртқа оралып, Арқалық қаласында білім алды. Қазіргі таңда Астанадағы С.Сейфуллин мұражайының ғылыми қызметкері. Сонымен қатар Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистранты.
Қалың оқырманға жол жартқан жинақ «Еркелеткім келеді…» деп аталады. Кітаптың алғы сөзін мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы және елімізге белгілі айтыскер ақын Айбек Қалиев жазған. Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан басылып шыққан туындыға ақынның бұрын-соңды жарияланған өлеңдерінен де тыс жаңа өлеңдері еніп отыр. Мазмұны мен тақырыбы әр алуан. Отанға, туған жерге, аяулы жарға деген махаббатты, атажұртқа деген сағынышты сезіне аласыз.Қостанайда өткен тұсаукесерге ақынның Астанадағы өнерпаз достары, Тобыл-Торғай топырағындағы қатар құрбы-құрдастары, жас оқырмандар мен ақынның жары Айсауле екі баласымен қатысты. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов пен кітапхана директоры Дариха Дүйсебаева кітаптың жібек бауын кесіп, жылы лебіздерін білдірді.
-Бұл – үлкен өнер жолына бағытталған Мұқият бауырымыздың алғашқы кітабы. Несіпбек ағамыздың батасымен шыққан кітап жаман болмайды деп ойлаймын. Болашағы зор болсын. Тұңғыш жинаққа Мұқияттың далаға, жан-жағындағы адамдарға, жақындарына, бауырларына, анасына, сүйікті жарына деген сезімнің нәзік қылын шертетін мөлдір жыры топтастырылған. Қостанайға келіп, үлкен қуанышыңызбен бөлісіп жатқан қадамыңызға гүл бітсін,-деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Е.Қалмақов.
Мұқитя Қойшыбайұлының ой-пікірлес аға-іні, құрдастары және ақын Абылай Мауданов, ҚМПИ-дың оқытушысы Өтеген Исенов жаңа жинақ туралы пікір айтты. Дәстүрлі әнші Қайрат Байбосыновтың шәкірті, ақынның астаналық досы Нұртуған Тұрсынғазыұлы және Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншісі Талғат Молдағалиев халық әндерін орындады.
-Шабыт әр адамның мінезіне сай. Мұқият аңқылдап, жарқылдап жүретін жігіт. Өлеңі де солай, шашылып-төгіліп, артығымен түсіп жатады. Мұқият ұйғыр тілін жақсы біледі. Оның Қытай жерінде ақын досы, ұйғыр жігіті бар. Сол жігіт бірде «Менің бір тәуелсіз көшем болса, сол көшені таңертеңнен кешке дейін тегін сыпырар едім» депті. Тәуелсіздіктің, мемлекеттің қадірін білетін жігіттер жаман өлең жазбайды-деді А.Мауданов.
Алақандай кітаптың ішіндегі жыр қандай?! Мұң да бар, сыр да бар. Елге деген махаббат пен сағыныш сазы үндесіп, өлеңге айналған. Мәселен, «Әке туралы балллада» деген өлең былай басталады
«Тау, қыраты, көз тартар әсем көлін,
Көре алмайды Отанды әкем менің.
Аты ойылып мәрмәрда жатыр енді,
Көп қабірдің бірінде жат елдегі.
Бұйыртпаса дәм-тұзын ана ғұмыр,
Бәрі бекер салғанмен сана дүбір.
Бабамның басы жатқан бұл далаға,
Ал әкемнің тимеді табаны бір».
Ақын «Тағдырым сенсің, Қазақстан!» поэма-эпилогында
«Елге деген махаббат осы ұраным,
Ендеше мен несіне тосыламын.
Көз алдымда тағы да әжем тұрды,
Басқанда Жетісудің топырағын.
Тауға қарап өскендей тау ұланы,
Сен де Отаным ашылар бағым әлі.
Сені шексіз сүймесем, Қазақстан,
Ақ әжемнің кешпейді-ау әруағы.» дейді.
Қымбат ДОСЖАНОВА