Бопай ханымды білсеңіз…
Арғы-бергі көшпенділер тарихын зерделеп, ой таразысынан өткізер болсақ, белгілі хандардың кейбірінің ханымдары от басындағы оңаша тірлікпен ғана шектелмей, ел ісіне араласып, алдағыны болжайтын қайраткер болған. Олар ерге ердей, серіге серідей серік бола білген. Екі ғасырдан бергі тарихымызға көз жіберсек, Әбілқайырдың Бопайы, Уәли ханның Айғанымы ерлері опат болғаннан кейін олардың орнын басып, билік тізгінін бекем ұстап, бодандығын алған мемлекетпен терезесі тең қарым-қатынас орнатып, балаларын ел басқару ісіне баули білген.Бұл ретте Кіші жүз ханы Әбілқайырдың зайыбы, ел басқару ісіне араласқан қайраткер, дипломат – Бопай ханымды ерекше атап өткен жөн. Ол шамамен 1693-1695 жылы Елек өзені бойында дүниеге келген. Шыққан тегіне қатысты әртүрлі пікірлер айтылады. Дегенмен, қазақ даласында дарынды мәмілегер бола білген Бопай ханым есімі тарихта алтын әріппен жазылуға лайықты. Бүгіндері ханымның өнегелі істерін насихаттап, жоғын іздеп жүрген Исламқажы Мырзабекұлы дәл осындай пікірді ұстанған. Зейнеттегі ұстаз Исламқажы аға Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты Ақмешіт ауылының тумасы. Қазір Бекет ата мешітінің имамы. Бар жиған-тергенін сарп етіп, Бопай ханымға қатысты бар ақпараттарды біріктіріп, қалың қазаққа Бопайдың біз біле бермейтін қырларын көрсетуді аңсайды.Қазақта бас-аяғы 47 хан болған. Осы тізімде Әбілқайыр ханның ойып тұрып орын алары сөзсіз. Қазіргі таңда Әбілқайыр атамызды білмейтін қазақ баласы жоқ. Ал ол кісінің зайыбы Бопай болса, қазақ хандары жұбайларының тарихында «Ханым» дәрежесіне көтерілгендердің бірден бірі. Қазіргі тілмен айтар болсақ, дипломат болған.-Менің ойымша, бұл кісі Қыз Жібек, Баян сұлу, беріректе Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова сынды есімі ел есінде жүрген танымал апаларымыздың қатарында болуы керек. Көп жерде Бопай ханымды білмейді. Ол туралы ауыз ашпайды. Бұл біздің сауатсыздығымыз шығар, бәлкім. Сондықтан біз барынша дәріптеуіміз қажет. Себебі, қазақ халқы үшін еңбек етіп, дала заңдарымен талай келіссөздер жүргізген саяси сауатты тұлға өз бағасын алуы керек,- дейді И.Мырзабекұлы.
Ақсақал Бопай ханымды өскелең ұрпақ білсе екен дейді. Бопайдың бейіті қазақтың бұрынғы астанасы – Орынборда. Исламқажы Мырзабекұлы қыркүйек айында бір топ еріктілерді жинап, Ресей жерінде қалған қабір басына барып қайтқан. Ол маң қазір жарылғыш заттарға арналған сынақ алаңына айналған екен. Сондықтан да ақсақал алаңдаулы. Мазардың айналасын қоршап, белгі де қойды. Қазіргі таңда сүйекті елге әкелу мәселесін де қаузап жүр. Ендігі мақсаты – Қостанай облысынан ақпарат табу. Мұндағы тарихшылармен кездесіп, сұхбат құру. Осылайша, еліміздің әр облысын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, Бопай ханымның ел ішінде атын шығарғысы келеді. Оған тағы бір себеп те бар. Бопай ханымның мәмілегер екенін айқындайтын дәлел жетерлік. Сол замандарда өмір сүрген америкалық суретшінің қазақ ханымының қабылдауында болған суреті дәлел. Ол қазақ жеріне жасаған саяхатын кейін өз қолымен салып шыққан. 1736 жылы Бопай ханымының қабылдауында болғанын және жеке суретін, қазақтың сол кездегі тұрмыс-тіршілігін суреттеген. Сонымен қатар, Александр Сергеевтің «Петербургский посол», Рысжан Ілиясованың «Арулар – аналар, даналар» және Құрал Тоқымрзаұлының «Әулие Әжімбай би немесе дала данышпандары» деген еңбектерінде Бопай ханым туралы айтылады. Бұның бәрі – ол кісінің ұлылығына дерек-дәйектер келтіреді.Қостанай жеріне аяқ басқан қонақтар керек құндылықтарға қол жеткізді деп айта аламыз. Мұнда олар, алдымен, «Қостанай таңы» газетіне аялдап, кейін А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің тарихшылары мен әдебиетшілері және студенттерімен кездесті. Пәндік оқыту бағдарламаларына енгізу және курстық, дипломдық жұмыстарға таптырмас тың тақырып екендігі айтылды.Бұл тек жеке бір тұлғаның мүддесі емес, бұл тұтас қазақ халқы үшін керек дүние. Еретеректегі Ресей империясының патшайымдарымен хат алмасып, ел ертеңі үшін күрескен қайраткер ханымның еңбегін бағалаған жөн. Бұл – біздің тарихымыз!
Құрметті оқырман! Мақала арқауы – Бопай ханым туралы қандайда бір ақпарат білсеңіз Исламқажы Мырзабекұлына хабарласуыңызды сұраймыз. Байланыс нөмірлері: 8 701 660 22 67; 8 71237 2 70 52
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ