Тәуелсіздік – басты құндылық
Н.Островский атындағы қалалық кітапханада Тәуелсіздік мерекесіне байланысты жиын өтті. Кешегі Желтоқсан оқиғасында ел қамын ойлаған ерен ерлерді жас ұрпақ ұмытпайды. Осы мақсатта өткен іс-шараға Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжі студенттері мен оқушылар қатысты.
Кітапхана жанынан «Тұмар» әдеби орталығы құрылған. Шара шеңберінде өнерлі жастар сахналанған көрініс қойды. Сондай-ақ, Тәуелсіздік тақырыбындағы өлең-жырлар оқылып, әндер айтылды. Тәуелсіздікке жету жолы һәм тарих парақтарынан сыр шертетін бейнеролик көрсетілді.
Тәуелсіздік құрдасы «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының тілшісі, Азамат Нұғыманов пен Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, тарихшы Нұрлыбек Елкей дербестіктің мән-маңыздылығы жайлы ой өрбітті.
– Қазір – дамыған елу мемлекеттің біріміз. Болашақта отыздықтан орын алу – басты меже. Ол мақсатқа жететінімізге сенім мол. Себебі, Қазақ елі – ауызбіршілік пен береке-бірлік салтанат құрған жас мемлекет. Кітапхана ұжымы ұйымдастырған шараға тарихшылар мен мұғалімдер де қатысты. Қуаныштысы, 1991 жылы дүниеге келген Тәуелсіздіктің төл құрдастары да басқосуға келген. Олар мемлекетіміздің 24 жыл аралығында жеткен жетістіктері мен өздерінің бағындырған белестерін баяндады. Өз тарапымыздан осындай тағылымы мол, мән-маңызы зор шараны алдағы уақтытта да бірнеше рет ұйымдастырамыз, – деді кітапхана қызметкері Ботакөз Дүйсенбаева.
Астана қаласынан «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешеннің қызметкері, ақын Азамат Мәлжаңбай онлайн жүйе арқылы байланысқа шықты.
Шара соңында студенттер «Теңдессіз Тәуелсіздік» атты кітап көрмесін тамашалады.
Қасқырбай Қойшыманов
Суретті түсірген Бағдат Төлебай