Мемлекеттік тіл – менің тілім
Жақында Сити орталығында Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы және «Социум & Я» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты облыстық жастар акциясы өткізілді. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, оның қолданыс аясын өскелең ұрпақ арасында кеңейту, қазақ тілін меңгерген дарынды жастарға қолдау көрсету және мемлекеттік тілге құрметпен қарауға тарту көзделген басты мақсаттар еді. Шара аясында Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармония өнерпаздары жиналған қала тұрғындарына өз өнерлерін көрсеткен. Концерттік бағдарламамен қатар, тақырыпқа сай әртүрлі конкурстар, викториналар өткізілді. «Тілдарын» жастар клубының мүшелері қатысушылар мен жиналғандарға Тіл туралы Заңның нормалары тәптіштелген буклеттер таратты. Сайыс жеңімпаздарына шағын сыйлықтар берілді.