Барыс-келіс, алыс-беріс көбейеді
Өткен демалыс күндері облысқа Германия Федеративті Республикасының Қазақстандағы елшісі Рольф Мафаель жұмыс сапарымен келді.
Елші іссапары барысында өңір басшысы Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, экономика, білім және мәдениет салаларындағы әріптестік мәселелерін қарады.
А.Мұхамбетов айтқандай, облыстың Германиямен арадағы сауда-экономикалық байланысы беки түскен, өткен жылдың қорытындысынша, сыртқы сауда айналымы шамамен 20 млн долларды құрады.
"Біз әріптестік қарым-қатынастың одан әрі нығая түсуін көздейміз. Ортақ экономикалық мүддеге баса мән беріп, инвестиция тарту мәселесін алдыңғы орынға қоямыз. Біз өз тарапымыздан ГФР-мен арадағы алыс-беріс, барыс-келістің тұрақты орнауына күш жұмылдыратын боламыз", – деді А.Мұхамбетов.
Ал Рольф Мафаель апта бұрын елбасыға сенім грамотасын табыстағанын және Қостанай облысы ол іссапармен аяқ басып отырған алғашқы өңір екенін айтып өтті.
"Біз Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестіктің тініне айналатын аймақтарды, салаларды қарастырамыз. Бұл облыста ауылшаруашылық саласының әлеуеті мықты екеніне көз жеткіздік. Бізде ауылшаруашылық жобаларды қаржыландыратын неміс аграрлық орталығы бар, сондай-ақ Қазақстанда өз бизнесін іске асырғысы келетін кәсіпорындар да көптеп саналады. Оларға Қазақстандағы агроөндірістік секторды дамыту туралы, кәсіпорындардың қызметі мен олардың әл-ауқаты жайында көп ақпарат алу аса қажет", – деді дипломат.
Елші Р.Мафаель екі күнге жоспарланған жұмыс сапары аясында облыстың өнеркәсіптік және ауылшаруашылық нысандарын аралап, неміс диаспорасының жастар қанаты мүшелерімен кездесу өткізді, "Қазақстандағы немістер. Тарих және қазіргі заман" атты дөңгелек үстелге қатысып, неміс мәдениеті мен тұрмысы музейі экспозициясының ашылуына куә болды. Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның концерт залында өткен «Begeisterung» ("Жандану") дәстүрлі фестивалінің ашылу салтанатына қатысты.
Айта кеткен жөн, облыс көлемінде 28 мыңнан астам этникалық неміс тұрады. Олардың "Жандану" мәдени орталығы белсенді жұмыс істеуде, қалалар мен аудандарда 9 филиалы бар. Биыл ҚР Тәуелсіздігі мерекесімен бірге облыстық неміс мәдени орталығы да өздерінің 25 жылдығын тойлағалы отыр.