Бірнеше есірткі тасымалдаушы ұсталды
Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын күзететін Қостанай шекара отрядының әскерилері мемлекеттік шекараның әр аумағынан есірткі тасымалдақ болғандарды ұстап, олардан жалпы салмағы 90 грамм есірткі тәркіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Атап айтқанда, Қостанай шекара отрядына қарасты «Ақбалшық» бақылау-өткізу бекетінің шекара наряды «ВАЗ-21074» автокөлігімен Ресей Федерациясынан Қазақстанға қарай келе жатқан 2 қазақстандық және 1 ресейлік азаматты тоқтатуға мәжбүр болды.
Шекаралық бақылау кезінде олар мінген автокөліктің алдыңғы орындығының астынан салмағы 60 грамм болатын есірткілік зат – «гашиш» табылды. Осы күні Қостанайлық шекарашылар «Обаған-авто» бақылау-өткізу бекетінде қазақстандық бір азаматты ұстады.
Қызметтік иттің көмегімен жүргізілген шекаралық бақылау кезінде оның киімінен салмағы 10 грамм болатын «гашиш» табылды. Аталған азаматтарға қатысты материалдар Қостанай облысы Ұзынкөл аудандық ішкі істер бөліміне берілді.
Осы күні «Желқуар» бақылау-өткізу бекетінің шекарашылары да есірткімен шекарадан өтпек болғандарды ұстады. Мұнда да қызметтік иттің көмегімен Ресей Федерациясының екі азаматының қитұрқы әрекеттері анықталды. «Москвич» автокөлігін мініп, біздің елімізден Ресейге қарай жол тартып бара жатқан азаматтардың жүктерінен салмағы 20 грамм болатын «марихуана» шықты.
«Аталған дерекке қатысты материалдар акт бойынша Қостанай облысы Жітіқара аудандық ішкі істер бөліміне берілді. Есірткіге қатысты барлық істер бойынша өзара әрекеттес құқыққорғау органдары хабарландырылды»,-делінген баспасөз мәліметтерінде.