Қала тұрғындары қолдады
Бұған дейін хабарлағанымыздай Қостанай қалалық әкімшілігінің ғимаратында қоғамдық тыңдау болып өтті. Көтерілген мәселе – қаладағы көше атауларын өзгерту. Бастамашыл топтар жергілікті билікке облыс орталығындағы Авиационная көшесіне Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның есімін беру және Қазақ көшесін Әбілсай деп ауыстыруды ұсынған болатын.Жиынға мәслихат депуттары бастап, қоғам белсенділері және аталған көше тұрғындары қатысты. Олар өз ойларын ортаға салды. Бұл алқалы отырыста ешкім қарсы пікір айтпады, тіпті бәрі қолдай кетті. Алғашқы боп сөз алған белгілі ақын Ақылбек Шаяхметов Кәмшат апамыздың еңбексүйгіштігін, оның қарапайым мінезін мысалға келтіріп өтті. Атақты механизатордың есімі ел есінде мәңгі қалсын деп, қостанайлықтар бірауыздан қолдады.
Сонымен қатар, келешекте дәл осы көшеге Кәмшат Дөненбаева атындағы саябақ салынады және қазақтың қайсар қызына арнап тас мүсіні орнатылатын болады. Жергілікті билік мәліметіне сүйенсек, бұл аймақ болашақта қаланың қақ ортасына айналмақ. "Юбилейный", "Береке" сынды жаңа шағын аудандар да осы маңнан бой көтереді. 12, 16 қабатты үйлер, облыстық филармония, облыстық сот ғимараты салынады. Қазірдің өзінде көше бойында "Алтын арман" шағын ауданы бой түзеп, жуырда ғана ашылған "Қостанай Плаза" ойын-сауық кешені қала сәнін кіргізіп тұр. Сондықтан, нақ осы әлеуетті әсем аудандағы бас көше Кәмшат Дөненбаеваның атына лайық дейді тұрғындар.
Бұдан соң мәслихат депутаттары Қазақ көшесін ауыстыруды талқылады. Қостанайдың Құрметті азаматы Беген Көпештің айтуынша, бұл маң ертеректе Әбілсай деп аталған, уақыт өте келе жолдың ұзындығы қысқарып, Қазақ болып аталып кеткен. Әбіл сайының жартысы әлі күнге дейін созылып жатыр, тек назардан тыс қалып отыр.
Ал, Әбіл деген кісі заманында белгілі көпес болған, Қостанай қаласының іргетасын қалағандардың бірі. Бұл ақпаратты аталған көше тұрғындары да айтып отыр. Олар көшенің тарихи атауы оралса дейді.
Жиынды қорытындылай келе, қалалық мәслихат депутаттары бір кісідей қолдап, бұл мәселе облыстық және республикалық деңгейдегі қаралымға жіберілді.