Бұйымына тіл бітірген

«Бір кем дүние» деп жатады ғой үлкендер. Алла біреуге бақ-талап бергенмен, кейде соның өтеуін сұрағандай бір асылдан айырады емес пе. Бақыт құшағында еркелеп, алаңасыз ғұмыр кешуге кедергі болар әрдайым бір ілік табылады да отырады. Дегенмен, маңдайға жазылған тағдырдан қашып құтыла алмасымыз анық. Қолда барды бағалай біліп, шүкір еткен де жөн.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де мына өмірдің ғажабын толық сезіне алмай келеді. Мендіқара ауданына қарасты Қаратал ауылының тумасы Сейілхан Есетов бұл дүниеде әлі ешкімге тіл қатып көрген емес. Ол тумысынан сөйлеуге қабілетсіз. Ақсақал биыл тоқсанға аяқ басты. Қазір Қостанай қаласында тұрады. Әжеймен екеуі бес бірдей баланы дүниеге әкеліп, бағып-қағып аяқтарынан нық тұрғызды. Бүгіндері үлкен ұлының қолында, немерелерінің ортасында өткен бейнеттің зейнетін көріп отыр._MG_9968Сейілхан атамыз өмірінде бірауыз сөз айтпаса да, жан жарына деген, одан қалды балалары мен басқа да жақындарына деген ыстық ықыласын өзі жасаған бұйымдары арқылы жеткізіп келеді. Жастайынан қолөнерге әуес болған Секең айтар ойын, сезімін өз туындыларымен баяндайды. Бойындағы кемтігінің кесірінен әскер қатарына да алынбаған ол, ауылда тылда еңбек еткен. Бұл үшін талай медальді төсіне таққанына ел куә.
Соғыс жылдары еңсесі түскен ауылдастарының көңілін әшекей-бұйымдарымен сәл де болса серпілтіп отыратын. Ауыл балалары Сейілханның қасынан шықпай, түрлі бұйымдар жасап беруді өтініп жүреді. Себебі, оның кез келген темір-терсектен нақты бір дүние жасап шығаруы кімді болмасын таң қалдырмай қоймаған. Ол бұл еңбегі үшін ауылдастарынан ақы да сұрамайтын. Мұны өзара «әңгіме-дүкен», «шүйіркелескен сұхбат» ретінде қабылдаушы еді._MG_9975Бұйымға қазақы ою соғып, әр береді. Түрлі-түсті тастармен әсемдеп, көздің жауын алатындай көркем дүниелер жасап шығарады. Көлден тамшы бұйырмайтын заманның қиын кезінде Сейіл ата көп көсіле алмады. Ол кезеңдерде бұл ермекпен шұғылдануға уақыт та, мүмкіндік те болмайтын. Аласапыран, ел іші арып, майданның лебі соғып тұрған шақ. Қолбайлау көп болып, Сейіл ата өнерін әрімен өрістетуге мүмкіндік болмады.
Қазір қанша жағдай болғанымен, кәрілік меңдеп, шарасыз қалдырып отыр. Ана-мынаны істеген болады, алайда қайрат та жоқ, шабыт та келер емес. Бәрібір бұрынғыдай әдемі болмай тұр. Бәлкім, бұл заманның құндылықтары басқа шығар… Әйтеуір, өзі қатарлас қарттар ғана қызығушылық білдіреді.    Кезінде бозбала Сейілханның үнсіз жүрегі болашақ жарына да сезімін сырға, сақина, білезік, ілмек сияқты әшекейлермен «айтқан» болатын. Ол кезде Мәлика бойжеткен де Сейілханның өнеріне іштей тәнті болып жүрген кезі еді. Кейін көңіл жарасып, отау құрады. Содан бері жұп жазған емес. Бүгіндері Сейілхан атаның тілін Мәлика әжей ғана түсінеді._MG_9974Қазіргі уақытта қарттың бұл өнеріне сұраныс бар. Қаладағы апа-әжелер Сейілхан ақсақалдың туындыларын арнайы іздеп келеді. Өйткені зергеріміз ешқандай құрал-жабдықсыз, таза еңбекпен істейді.
Сейілхан ата тоқсанға қараған шағында да бұл өнерін тастамаған. Әлі күнге дейін оңашада сүйікті ісімен шұғылданып отырады. Көз көріп, қол икемге келіп тұрғанда бұл әдетін жалғастыра бергісі келеді. Әрине, атамыз бұл ісінен қашпасы анық. Өйткені, сөйлеу қабілтінен кім бас тартсын. Сейілхан ақсақалдың айтары ойы, әңгімесі осы бұйымдарда емес пе… өкініштісі, мен ата тілін түсіне алмадым. Сол себептен маған бұның бәрін Мәлика әжей айтып берді.  _MG_9983   
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Сурттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓