Жарайсың, Жандарбек!
"Дәмді ас әзірлеу де үлкен өнер. Қолыңнан келіп, жұрт көңілінен шықса, неге оны дамытпасқа?! Тұрмыста асүйде қыз бала көп еңбектенгенімен, жігіттер де тамақ дайындауды үйренген жөн", – дейді Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының 4-курс студенті Жандарбек Майданбек.
Жандарбек бізге Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданынан келген. Ол ас әзірлеуді анасынан үйренген. Тұрмыс жағдайына байланысты үй шаруасына бейім өскен бала. Оқумен қатар, қаламыздағы "DONER" дәмханасында аспаз болып жұмыс істейді. 2-курс оқып жүргенінде шаһар көшелеріндегі "DONER" дүңгіршектерінің бірінде істеген, содан ел арасында дәмді дёнерімен танылып, аталмыш дәмханаға шақырту алған. Қазір бас аспазшы. Оқуын бітірген соң да әрі қарай осы өнерін дамытқысы келеді. Бүгінгі күннің өзінде Жандарбек ғаламтордан шығыс тағамдарының дайындалу жолын үйреніп жүр. Үйренгендерін достарына әзірлеп беруден де талмайды. Әрине, дәмді тамақ кім-кімге де ұнайтыны сөзсіз.